AmalBooks баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай «Қазақтарды қалай басқаруға болады» атты орыс тіліндегі кітап толықтай сатылымнан алынғанын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл еңбек 1734 жылы Ресей империясының бас хатшысы әрі ғалым Иван Кириллов құрастырған тарихи құжаттарға негізделген. Кириллов патша үкіметіне қазақ жерін басқару туралы жобасын ұсынған еді. Кітапқа сол құжаттармен қатар, Қазақстанның Ресей бодандығына өткеннен кейінгі кезеңде отарлау қалай жүргенін айғақтайтын маңызды тарихи деректер де енген. Кітаптың жарық көруіне бизнесмен Кеңес Рақышев демеушілік жасағаны белгілі болды.
Әлеуметтік желіде, әсіресе Meta мен TikTok-та кітаптың атауы мен мұқабасына қатысты сын күшейді. TikTok желісінде жүздеген адам пікір білдірген. Бір топ қолданушы «кітап тарихты түсінуге көмектеседі» деген пікірде болса, енді бірі «бұндай атаумен сатылмауы тиіс» деп ашық наразылық танытты.
Қоғам реакциясынан кейін баспагер Бақытжан Бұқарбай кітапты саудадан түгелдей алып тастағанын мәлім етті.
«Бұған дейін қоғам қайраткерлерімен жеке жүздесіп, кітаптың негізгі мақсатын түсіндіруге тырыстық. Біз үшін халықтың пікірі маңызды, баспагер ретінде әрдайым кері байланыспен санасамыз. Қоғам наразылығы кітаптың атауы мен мұқабасына байланысты болды. Көпшілік мазмұнын толық түсінбей, тек сыртқы сипатына қарап реніш білдіргендіктен, кітаптың таралымын бүгіннен бастап толығымен тоқтаттық. Қазір бұл кітап ешбір дүкенде сатылып жатқан жоқ», – деді Бұқарбай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

