Әлемжелі арқылы қазақтардың сеніміне кіріп, жүздеген миллион теңгені айналдырған ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат пен Елмира Жанәбіловтерге қатысты тергеу аяқталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Қаржы мониториң агенттінің мәліметінше, аудиториясы 15 миллион адамнан асатын ерлі-зайыптылар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен тапқан ақшаны қалтаға басқан. Олар 2025 жылы онлайн-курстар сату арқылы көлеңкелі бизнес жүргізген.
Жалған курстардың ешқандай біліми құндылығы жоқ, басым бөлігі YouTube секілді ашық платформалардан алынған. Шын мәнінде онлайн-курс дегені астыртын лотерея өткізудің амалы болған.
Курстарды сатып алған қатысушылар қымбат сыйлықтар ұтысына қатысатынына сенген. Алайда сыйлық қоры блогерлердің өз қаражаты есебінен емес, курсқа төленген азаматтардың ақшасынан құралған.
Одан бөлек…
«Сәттілік барабанының» параметрлері жасанды жолмен өзгертіліп, ұсақ жүлделердің ұтыс ықтималдығы арттырылса, құны қымбат, бағалы сыйлықтарды жеңу мүмкіндігі барынша төмендетілген. Мысалы, Жанәбіловтер аудиториясын көбейту үшін ең көп репост жасаған қатысушыға 11-ші автокөлікті табыстағанын хабарлаған. Шындығында жеңімпаз анықталмаған, көлік ешкімге берілмеген.
Тергеудің қорытындысына сай, жұпқа тиесілі «Zhana Business» ЖШС арқылы халықтан түскен ақша 247,5 млн теңгені құраған. Осы соманың 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Қазір блогерлерге тиесілі Lamborghini Urus, Lexus LX 600 сияқты қымбат маркалы 10 автокөлік пен 17 дана iPhone смартфоны тәркіленіп, сот шешімімен бұғатталған.
Айта кетсек, былтыр тамыз айында блогерлер ақылы онлайн-курстарға қатысқан адамдар арасында автокөліктер ұтысын жариялап, қоғам наразылығын тудырған еді. Қазақстанда лотерея өткізуге тек арнайы лицензиясы бар ресми ұйымдар құқылы. Осы әрекеті үшін Ерболат пен Елмира Жанәбіловтер әкімшілік жазаға тартылған. Кейін сот олардың әрекетінен қылмыстық құрам тауып, істі Қаржы мониториң агенттігіне жолдаған.
Қазір күдіктілер үйқамаққа алынып, қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

