Қазақ даласында мал шаруашылығына қолдау көрсетіліп, түрлі тұқымдағы ірі қара көбейді. Әр аймақтағы малдың өз ерекшелігі бар. Мәселен, оңтүстік-шығыстағы сиырлар ірі болса, қуаңшылық жерлердегі малдың тұрқы шағын әрі суыққа төзімді келеді. Осы тұста қазақ ақбас сиырының өзге тұқымдардан артықшылығы айқын байқалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақтың ақбас сиырының тарихы 1930 жылдардан басталады. Бұл тұқым қазақ және қалмақ сиырларын герефорд бұқаларымен будандастыру нәтижесінде пайда болған. Ерекше тұқым негізінен Қазақстан даласында көп кездеседі. Оның басты артықшылығы – еттілігі әрі жайылым талғамайтындығы. Жем-шөбі жеткілікті болса, тез арада ет жинап, өнімділігі артады. Бұқасының салмағы 850-900 келіге, аналықтары 450-500 келіге дейін жетеді.
Қазір елімізге шетелден асыл тұқымды сиырлар әкелу үрдісі кең тарады. Әсіресе сүтті сиырларды импорттау түсінікті, ал етті мал қажет болған жағдайда шетелге қарайламай, өзіміздің қазақтың ақбас тұқымын неге көбейтпеске?
Көпшілік біле бермеуі мүмкін, елімізде «Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасы» атты коммерциялық емес ұйым бар. Оның міндеті – қазақ ақбас сиырын өсіріп, асыл тұқымдық қасиетін сақтау және жақсарту. Палатаның атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев кейінгі жылдары қазақ ақбас сиырына деген дұрыс көзқарас қалыптасқанын айтады. Бірақ мемлекеттік қолдау азайып, субсидия көлемінің қысқаруы бұл бағыттағы жұмыстарға кері әсерін тигізуде.
– Кейінгі 15 жылда Қазақстанда етті мал шаруашылығы жақсы дамыды. Әсіресе, ақбас сиырдың саны көбейді. Бұл мемлекеттік субсидия мен несиелеудің арқасында мүмкін болды. Бірақ соңғы кезде субсидиялардың қысқаруы шаруалардың жұмысына кері әсер етіп отыр, – дейді ол.
Палатаның жұмысы асыл тұқымды мал басын есепке алу, асыл тұқым куәліктерін беру, тұқымды насихаттау және көрмелерге қатысумен байланысты. Бұл ұйым малдың асыл тұқымдық мәртебесін анықтап, оны сақтауға жауапты.
Статистикаға жүгінсек, 1991 жылы қазақ ақбас сиырының саны 1 млн 370 мың басқа жеткен. Бұл сол кездегі етті сиырлардың 55%-ын құрады. Қазіргі жағдай ол кезбен салыстыруға келмесе де, айтарлықтай күрделі емес. Қазір елімізде қазақ ақбас сиырының саны – 730 мың бас, оның ішінде 510 мыңы – асыл тұқымды.
Маман ойы
Қазақ ақбас сиырының басты артықшылығы тек еттілігі мен төзімділігінде емес, оның табиғи-климаттық ерекшеліктерге бейімділігінде жатыр.
– Қазақ ақбас сиыры Қазақстанның барлық табиғи-климаттық аймақтарына бейімделген. Әсіресе, шөл және шөлейт жерлерге өте төзімді. Ыстықты жақсы көтеріп, тәулігіне 25-30 шақырым жүре алады. Бұл тұқым құрғақшылыққа шыдамды, далалы жайылымды тиімді пайдаланып, тез май жинайды, – дейді Бақтияр Өтелбаев.
2019 жылдан бастап асыл тұқымды қазақ ақбас сиырын экспорттауға тыйым салынған. Тек бұқалар ғана арнайы квота бойынша шығарылуда. Ресейде де бұл тұқым селекциялық жолмен өсіріліп жатыр. Екі ел арасында алдағы уақытта бірлескен генетикалық деректер базасын құру және селекциялық бағдарламаны жасау жоспарланып отыр. Мұның бәрі қазақ ақбас сиырының санын көбейтуге бағытталған ортақ бастама екені анық, деп жазады Ertenmedia.kz.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







