Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт нашарлайды. «Қазгидромет» 9 наурызға арналған дауылды ескерту жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің 16 облысында қолайсыз ауа райы күтіледі.
Астанада қар жауып, боран соғады, жолдарда көктайғақ болады. Жел жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Ақмола облысында да ауа райы қолайсыз: қар, бұрқасын, көктайғақ күтілуде. Облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Жел жылдамдығы – 15-20 м/с, түнде өңірдің батыс, солтүстік, шығыс бөлігінде желдің екпіні 25 м/с болады. Көкшетауда түнгі және таңғы уақытта қар жауып, боран, көктайғақ болуы мүмкін. Жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.
Алматыда күндіз желдің екпіні 15 м/с болады. Іле Алатауының таулы аймақтарында (Медеу мен Бостандық аудандары) жел секундына 15-20 метр, кей уақытта 23-28 метр жылдамдықпен соғады.
Алматы облысының оңтүстігі мен шығысындағы тау және тау бөктерінде жел 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с күшейеді. Қонаев қаласында желдің жылдамдығы 15-20, кей жерлерде 23-28 м/с дейін барады.
Шымкентте күндіз жауын-шашынды болады. Кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнап, тұман түсуі мүмкін. Желдің жылдамдығы – 15-20 м/с.
Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында қатты жаңбыр жауады. Облыстың батысы мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде тұман түседі. Желдің екпіні облыстың батысы, оңтүстігі мен таулы аудандарында 15-20 м/с. Түркістанда кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнап, тұман болады, жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.
Атырау облысында жауын-шашын (көбіне қар), көктайғақ пен боран күтіледі. Облыстың батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман мен көктайғақ болжанып отыр. Желдің күші күндіз 15-20 м/с, кей тұста 25 м/с жетеді. Атырау қаласында да жауын-шашын (көбіне қар), көктайғақ болады, желдің екпіні – 17-22 м/с.
Маңғыстау облысының батыс, солтүстік және орталық бөліктерінде көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы 15-20, кей жерлерде 23-28 м/с күшейеді. Ақтауда көктайғақ болып, жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады.
Жауын-шашынның соңы көктайғақұа ұласады
Қостанай облысында ауа температурасы күрт төмендейді. Түнде сынап бағанасы 17-22 градус, солтүстігі мен батысында 25 градус, оңтүстігінде 7-12 градус аязға дейін төмендеп, кейінгі күндері түнде 25-30, солтүстігінде 33, оңтүстігінде 22 градус аязға дейін барады. Қостанай қаласында түнде 19-21 градус, одан кейінгі уақытта 28-30 градус аяз болады.
Қызылорда облысының солтүстігі мен оңтүстігінде таңертең және күндіз қар аралас жаңбыр, көктайғақ күтілуде. Солтүстік аумақтарда боран соғады, облыстың орталығы мен солтүстігінде тұман түсуі ықтимал. Жел екпіні 15-20, кей жерлерде 25 м/с жетеді. Қызылорда қаласында тұман болады.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында таңертең және күндіз қатты жаңбыр жауады. Облыстың оңтүстігі мен шығысында тұман күтілуде. Желдің екпіні – 15-20, кей уақытта 23-28 м/с. Таразда ара-тұра тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысының батыс, солтүстік және шығысында жауын-шашын (қар мен жаңбыр), боран, көктайғақ болады. Облыстың солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде тұман түседі, желдің күші – 15-20 м/с. Өскеменде көктайғақ күтілуде.
Абай облысының солтүстігі, шығысы мен орталығында жауын-шашын, көктайғақ, боран болады. Оңтүстік пен шығыс аудандарында тұман түседі. Жел жылдамдығы – 15-20 м/с. Семей қаласында күннің екінші жартысында көктайғақ болады.
Ақтөбе облысының батысы мен орталығында күндіз қатты қар жауып, боран соғады. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с, кей уақытта 23 м/с жетеді. Ақтөбе қаласында қар жауып, жел жылдамдығы түнде 15 м/с болады.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады. Оңтүстік пен батыс аудандарында тұман түседі. Жел түнде 15-20, оңтүстік-батысында 23-28 м/с дейін барады. Петропавлда түнде қар жауып, боран мен көктайғақ күтіледі, жел – 15-20 м/с.
Павлодар облысының батыс, солтүстік және шығысында түнде жауын-шашын, боран, көктайғақ күтіледі. Жел жылдамдығы 15-20 м/с. Павлодарда түнде көктайғақ болады, желдің күші – 15-20 м/с.
Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде қар жауып, боран болады. Желдің күші – 15-20 м/с. Орал қаласында күндіз боран күтілуде, жел 15-20 м/с болады.
Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысындағы таулы аудандарда таңертең және күндіз тұман болады. Облыстың шығысы мен Алакөл көлдері аумағында жел 15-20 м/с, күндіз кей тұста 23-28 м/с дейін күшейеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







