«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстандағы «Лукойлдың» активтеріне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ресейлік «Лукойл» компаниясы АҚШ-тың президенті Дональд Трамп енгізген санкциялардың салдарынан шетелдегі активтерін сатуға мәжбүр.
Бұған дейін корпорация өзіне тиесілі бірқатар активтерді Gunvor тобына өткізу туралы алдын ала келісім жасаған болатын.
Бірақ Қазақстандағы активтердің белгілі бір бөлігіне «ҚазМұнайГаздың» иелік етуі мүмкін екені айтылуда. Мұндай жағдайда ұлттық компанияның активтерді сатып алуға басым құқығы бар.
4 қарашада «ҚазМұнайГаз» осы мәселе бойынша ресми мәлімдеме жасап, қазіргі уақытта «Лукойлмен» бірлескен жобалардың барлық қатысушылары ықтимал тәуекелдерді жан-жақты саралап жатқанын айтты. Сараптама барысында құқықтық, қаржылық және техникалық мәселелер терең қаралуда.
Дегенмен, ұлттық компания мәміленің нақты деталін жария етпеді. Барлық келіссөздер жабық есік жағдайында өтіп жатыр.
«Жобалар бойынша жұмыстар Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына және келісімшарттағы міндеттемелерге сәйкес жалғасуда. Әрбір келісімде санкция енгізілген жағдайда тараптардың әрекет ету тәртібін айқындайтын баптар бар. Олардың мазмұны құпия болып саналады», – деді «ҚазМұнайГаз» өкілдері.
Energy Monitor арнасының авторы, мұнай-газ сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстанда ұлттық компаниялардың (әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен QazaqGaz-дың) басым құқығы бар. Олар кез-келген жобаның серіктесін тендерсіз, өздері таңдап, шақыра алады.
Осы тәсіл кезінде «Лукойлдың» «Қаламқас Хазар» жобасына ашық конкурссыз, емін-еркін кіруіне мүмкіндік берген.
«Қазіргі қолданыстағы тәсіл ашықтықтан алыс. Осы механизм арқылы ұлттық компаниялар перспективалы кенішті өздеріне бекітіп алып, инвесторды жабық есік жағдайында таңдайды. Мұндай процестің күмән туғызатын тұсы көп. Мысалы, «Қаламқас Хазарға» италиялық Eni мен қытайлық компания құда түскен. Алайда таңдау тендерсіз-ақ «Лукойлға» жасала салды. Shell компаниясы «Хазар» жобасын зерттеуге 900 млн доллар жұмсаса да, оған дұрыс келісімшарт пен теңіз платформасын таңдау мүмкіндігі ұсынылмаған», — деген еді сарапшы.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қаламқас құпиясы: «ҚазМұнайГаздың» тендерсіз таңдаған инвесторы кім

