Қаржылық алаяқтыққа қатысты сериалы материалдар жариялаған ҚазТАГ агенттігі мен Freedom Finance арасындағы жанжал құқықтық арнаға ойысты, деп жазады Ertenmedia.kz
Компания өзі туралы биылғы жылдың наурызынан бастап «қаржылық афераға» қатысты материалдардың шындыққа жанаспайтынын алға тартып, агенттік үстінен арыз түсірген.
Freedom Holding Corp компаниясының иесі Тимур Турлов екі арадағы жанжалға түсініктеме бере келе:
«Әркімнің пікір айту құқығы бар. Бірақ шындыққа жанаспайтын факті айтылса, бұл жала. Біз барлық дәлел мен құжатты жинауға тырыстық. Заң аясында әрекет еткіміз келеді. Ақпараттық кеңістікті манипуляциялау бизнеске кері әсер етеді. Медиа арқылы есеп айырысу біздің элитаның көп бөлігі үшін жаман әдетке айналған», – деген еді.
Осылайша ҚазТАГ-тың бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі бойынша («көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату») Алматы қалалық полиция департаментіне шақырылған. Агенттік басшыларының үстінен арызды компанияның өзі түсірген, Freedom Holding Corp иесі Тимур Турлов іске жеке тұлға ретінде қатыспайтынын және өзіне тиесілі компанияның құқықтық әрекеттерге толық құқығы барын жеткізген.
Даудың бастауы…
Дауға агенттіктің 2025 жылдың сәуірінен бастап желтоқсанға дейін жариялаған сексеннен астам материалы түрткі болды. Тек 3 сәуір күні сағат 18.00-ден кейін, жұмыс уақытынан тыс 9 материал жарық көрген. Атап айтқанда, адвокат Светлана Оралбаева сәуірде «Фридом Финанс» пен FFIN Brokerage Services компаниясының америкалық биржаға шығуға және мәміле жасауға құқығы жоқ екенін алға тартқан. Мамырда осы сипаттағы мәлімдемені Жанна Капарова да жалғастырып, брокерлердің NASDAQ пен NYSE биржаларында сауда жасау лицензиясы болмағанын мәлімдеді.
Агенттік «демек, менің анамның (Қарлығаш Қапарова – ред.) және басқа азаматтардың ақшасы америкалық қор нарығын мүлде көрмеген», – деген сөзін мысалға келтірген.
Кейіннен «Фридом Финанс» брокер компаниясы Жанна Капарова мен адвокат Светлана Оралбаеваның «компанияның АҚШ нарығына шығуға лицензиясы жоқ және елді алдап, өтірік мәміле жасалады» айыптауын ресми құжат арқылы толығымен жоққа шығарды.
Компания адвокаты Александр Камендровский ілгерідегі екі тұлғаның сөзіне сүйеніп мақала әзірлеген ҚазТАГ-тың әрекетіне қатысты:
«Басылым материалды жәбірленушілер сөзіне сүйеніп дайындағанын хабарлады. Компанияның ресми сайтында жарияланған (іс туралы) мәлімдемелерді пайдалануға не кедергі болды? Бізге қарсы жүргізілген науқан барысында «жала жапты» делінген нақты фактілер жөнінде дәлел ұсындық» деген болатын. Заңгер тергеуге ұсынылған дәлелдердің заңды салмағы жеткілікті деп отыр.
Матаев пен Қасенов күдікті ме?
Сонымен қатар Фридом қорғаушысы Ә.Матаев пен А.Қасенов сотқа дейінгі тергеу басталған сәттен бастап күдікті саналады деген мәлімдемені де теріске шығарған.
«Қылмыстық кодексте тұлғаны күдікті деп тану тәртібі қатаң түрде реттелген. Егер сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық заңнаманың бұзылуы орын алған болса, мұны (қадағалаушы орган) прокуратура тексеруі тиіс. Бұл туралы қорытынды бергесін ғана заңбұзушылық бар деп айтуға болады. Мұндай мәлімдеме тергеу органы мен қоғамдық пікірді манипуляциялау белгісін көрсетеді», — дейді ол.
Айтуынша, америкалық қор нарығына шығу үшін тікелей биржа мүшесі болу шарт емес, мұндай жағдайда серіктес брокер арқылы да жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Әр брокер тек өзі жұмыс істейтін юрисдикциядағы лицензияны ғана растайды және бұл халықаралық тәжірибеде қалыптасқан ереже.
Мәселенің тағы бір сипаты…
Заңгер мәселенің басқа қырына да тоқталған еді. Оның атап өткеніндей, ҚазТАГ агенттігі таратқан ақпаратты растайтын нақты құжат мен деректер ұсына алмаған. Агенттік көп жағдайда эмоциялық тақырыптарға екпін беріп, журналистік этиканы бұзған көрінеді. «Мемлекет басшысына заңбұзушылық туралы баяндалды» деп тақырып қойып, мақалада еш дәлел ұсынбаған, «Барлық салымшылар тергеуге шақырылады» дегенімен, шын мәнінде тек бір өтініш жайлы ғана айтқан, «Бас редактор азаптауға ұшырады» деп жариялап, нақты ақпарат келтірмеген.
«Бұл қоғамды тақырып арқылы манипуляциялау. Әдетте көпшілік тек тақырыпты оқып, жаңылысып қалады», — дейді компания адвокаты.
ҚазТАГ болса, өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп санайды. Агенттік жарияланған ақпараттың барлығы адвокаттар мен жәбірленушілердің жеке мәлімдемесіне негізделгенін алға тартып отыр.
«Фридом Финансқа» қарсы «қара PR»: Алматы полициясының тергеуі тұралап тұр

