Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Оның айтуынша, осы аумақта орналасқан жер телімі заңсыз жолмен жеке меншікке өтіп кеткен. Соңғы кезде Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваның иелігіндегі компанияға тиесілі болған.
«Жер аманаты» республикалық комиссиясының жұмысы аясында Алматы қаласының жер ресурстары басқармасының талап арызы қанағаттандырылып, 2024 жылғы 9 сәуірде Алматы мамандандырылған экономикалық соты осы жерге қатысты 2007 жылы шығарылған әкімдіктің қаулысын және бірнеше сатып алу-сату шарттарын заңсыз деп таныған болатын. Биыл 27 мамырда Алматы қаласының апелляциялық сот алқасы осы шешімді күшінде қалдырды. Нәтижесінде аумағы 0,7168 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды», – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, жер телімі 2007 жылы Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қаулысымен «мемлекеттік қажеттілік үшін» деген желеумен университет меншігінен шығарылған.
Кейін жер «SKY ENGINEERING» компаниясына сатылып, әрі қарай бірнеше рет қайта саудаланып, соңында 2017 жылы Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі «ATLAS DEVELOPMENT» компаниясының меншігіне өткен.
«Енді Құлыбаевтарға тиесілі компания бұл жерді және оның үстінде салынған 10 қабатты бизнес орталығын ҚазҰУ-ға қайтаруға міндетті. Бұл сот шешімі әділеттілік пен заң үстемдігінің нақты дәлелі және «Жаңа Қазақстанның» айқын көрінісі», – деп атап өтті Бақытжан Базарбек.

