Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында мемлекеттен баспана алған жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне қауіп төніп тұр.
Осыдан үш жыл бұрын ғана салынған көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы жарылып, едені шөгіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жергілікті халықтың айтуынша, тұрғын үйдің сапасыз салынғаны алғашқы жылы-ақ байқалған. Жарықтар кеңейіп, көрші пәтерлерді еш қиындықсыз көруге болады. Тұрғындар үйді апатты деп тануды талап еткенімен, жергілік билік өкілдері бұған негіз жоқ деп бет бақтырмай отыр. Олардың пікірінше, үйдің жағдайы адам өміріне қауіп төндірмейді.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы осы үйден пәтер алған тұрғындардың бірі Айгүл Ергешқызы. Бұл жерге үш жыл бұрын қоныс аударғанымен, үйдің қабырғалары бір жыл өтпей жатып жарылған. Осыдан кейін ол сол ауладағы басқа пәтерге көшкенімен, мұндағы жағдай да мәз емес.
«Әр түнді үреймен өткіземін. Үй түнімен сықырлап, дыбыс шығарады. Бір күні құлайды ма деп қауіп басым. Бізге пәтер берген шенеуніктер қалай тыныш ұйықтайды екен?! Көп жыл кезегімізді күтіп, осындай баспанаға қолымыз жеткенде, енді міне жағдайымыз мүшкіл. Егер ақшам болса, өзім-ақ сапалы үй салып алар едім», – дейді Айгүл Ергешқызы.
Бұл үйде пәтер алғандардың көбі жетім балалар, жалғызбасты аналар және мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар баспана кезегін ұзақ жыл бойы күткен. Соның бірі зейнеткер Ұлтуар Тантабаева. Оның айтуынша, көрші екі пәтердің қабырғалары құлап, есік-терезелері түсіп қалған.
«Кезегіміз келгенде қатты қуанған едік. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бізді көрсе әкімдік қызметкерлері тығылып қалады. Тіпті аудан әкімімен кездестірмейді», – дейді тұрғын.
Айта кетерлігі, осы жаңа үйлердің орнында бұған дейін де көпқабатты ғимараттар болған. Тұрғындардың айтуынша, ол үйлердің жертөлесі үнемі суға толып тұрғандықтан, апатты деп танылып, орнына осындай әлеуметтік тұрғын үй салынған.
«Қазір пәтерлерде кәріз жүйесінің нашарлығынан су ағып жатыр. Ғимараттың іргетасы отырып, қабырғалары жарылды. Құрылыс барысында топырақ дұрыс нығыздалмаған. Қазір пайда болған жарықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – дейді Қазығұрт аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің бас маманы Төрехан Төкенов.
Жергілікті халық үйді апатты деп тануды қайта-қайта талап етуде. Бірақ билік өкілдері үйдің техникалық жағдайы қауіпсіз деп, тек косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Ал тұрғындар болса, бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деп алаңдайды.