Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте жеке өміріне қатысты жанжалға ашық жауап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әкім бірнеше жыл бойы әлемжелі мен ақпарат құралдарында айтылып жүрген мәслихаттың бұрынғы депутаты Ынташ Наурызовамен ортақ баласы бар екені туралы мәселені түсіндірді.
Журналист әкімге осы оқиға неге бірнеше жылдан кейін ғана жария болғанын және оның репутациясына қалай әсер еткенін сұрады.
«Бұл өте-мөте жеке мәселе, дегенмен жауап берейін. Әлемжеліде кейбір әріптестеріңіз сот мені ДНҚ сараптамасы арқылы баланы мойындауға міндеттеді деп жазды.
Шын мәнінде жағдай мүлдем басқаша. Мен баланы мойындау үшін сотқа өз еркіммен өтініш бердім.
Сот менің өтінішімді қанағаттандырды. Қазір заң бойынша алимент төленіп отыр», – деді әкім.
Әлимент көлемін нақты атамаған әкім, шамамен жалақысының 20-25 пайызы екенін айтты.
«Бұғалтырдан нақты анықтау керек. Жалпы жалақым 1,9 миллион теңге. Қолға алатыным осы сомадан алимент ұсталғандағы қалған қаражат», – деді Қилыбай. Өңір басшысы осы жағдай үшін өкінетінін де жасырмады.
«Иә, бұл кезінде жіберген қателігім. Өкінішке қарай, өткенді өзгерту мүмкін емес. Қазір менің басты міндетім өңірді дамыту. Әрине, бұл оқиға мен үшін жағымды емес», – деді әкім.
Сонымен қатар әкім қазір бұрынғы мәслихат депутаты Ынташ Наурызовадан туған баламен араласпайтынын жеткізді. Айта кетейік, Нұрдәулет Қилыбай үйленген, бес баласы бар.
Айта кетелік, Маңғыстау облысы биылғы 11 айда экономикалық өсімнің жоғары қарқынын көрсетіп, маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда көш бастап келеді.

