Президент Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдап, биылғы жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін тыңдады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әкімнің айтуынша, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 31%-ға артып, 360 миллиард теңгені құраған. Өнеркәсіп саласында 680 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.
Құрылыс қарқыны күшейіп, биылдың өзінде 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Ғабит Сыздықбеков өнеркәсіп әлеуетін арттыру мақсатында қала аумағында «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтары іске қосылғанын атап өтті.
Шымкенттегі шағын және орта бизнес нысандарының саны 139 мыңнан асып, осы салада 245 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Президентке инфрақұрылымды жаңғырту шараларының барысы да таныстырылды. Атап айтқанда, әуежайдың жаңа терминалының құрылысы аяқталып, теміржол вокзалы толық жаңартудан өткен. Ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында 12 мектеп, жаңа Оқушылар сарайы, сонымен қатар шағын футбол орталығы мен спорт кешені бой көтерген.
Жол-көлік инфрақұрылымында да айтарлықтай өзгеріс бар. Қалада оңтүстік айналма жолы мен екі ірі көлік жолайрығы қолданысқа берілді.
Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында өткен жылы 2270 көше, биыл тағы 2743 көше толықтай жарықтандырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен активтерді мемлекеттік меншікке қайтару жұмысы да қарқынды жүргізілуде.
Соның нәтижесінде Мұз сарайы, Орталық су спорт кешені, №2 қалалық емхана, «Қиял әлемі» технопаркі мен «Кең баба» саябағы мемлекеттің қарамағына қайтарылды.
Кездесу соңында Тоқаев қала экономикасын әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту, әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын салу, мектептердегі орын тапшылығын жою, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту және жол инфрақұрылымын жетілдіру жұмысын жалғастыруды тапсырды.

