Қоғамдағы мәдениет деңгейі көбіне қарт адамдарға көрсетілген құрметпен де өлшенеді. Өйткені бір дәуірдің еңбегін арқалап, келесі буынға жол ашып берген аға буынның қадірін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр болатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда Шымкент қаласында ашылған «Ізетті зейнеткер» орталығының мән-мағынасы бөлек. Бастапқыда 70 адамға арналған орын бүгінгі күні қайта жаңғыртудан соң 120 зейнеткерді қабылдайтын мүмкіндікке ие болуда.
Бүгінде орталық қарттарды қоғамнан оқшауламай, керісінше оны ортаға тартып, өмірдің мәнін сезіндіруде. Мқнда мәдени-танымдық іс-шаралар, күнделікті тұрмыстағы қолдау – бәрі бірге қарастырылған. Жобаны іске асырған Данабек Исабек о баста қарттардың толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезінуі басшылыққа алып, олардың тәжірибесі мен өмірлік сабағы жас ұрпаққа беріп келеді.
3700 шаршы метрді алып жатқан орталықта медициналық тексеруден бастап, денсаулықты қалпына келтіруге арналған арнайы процедураларға дейін қарастырылған. Сыртқы алаңы жасыл желекке толы, серуендеуге ыңғайлы шағын саябақ, орындықтар мен фонтаны бар. Мұндай орта тек физикалық сауығуға ғана емес, психологиялық тұрғыдан демалуға да ықпал етеді. Өйткені жасы ұлғайған адам үшін тыныштық пен жайлы орта дәріден де пайдалы сәттер сыйлайды.
Қариялардың орталыққа келуі де жеңілдетілген. Путевкаларды алу процесі толық цифрландырылды. Енді зейнеткерлер geo-shym.kz порталына ЭЦҚ арқылы кіріп, өтініш бере алады және өз кезегін онлайн жүйеде бақылай алады. Бұл тәсіл артық қағазбастылықты, кабинеттерді жағалап жүруді жойды. Қоғамдық қызметтердің осылай заманауи форматқа көшуі – қария үшін де, олардың жақындары үшін де үлкен жеңілдік.
Қарияға қамқор болу қазақ халқы үшін ұлттық құндылықтың өлшемі. Әр қазақ отбасында «қарт – қазына» деген түсінік бар. Оны енді мемлекеттік деңгейде жүзеге асырудың нақты үлгісі осы орталықта көрініс тапты. Қарттың өмірлік тәжірибесін қоғамнан бөліп қарау – қателік. Ал оларға жағдай жасау – қоғамның рухани іргетасын бекіте түсу. «Ізетті зейнеткер» – сол іргетастың бір кірпіші.
Бұл бастаманың жалпақ елге жайылуы қажет. Әр өңірде осындай орталықтар болса, қарияның қадірін сезіну де, қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығы да күшейе түседі. Қарт кісілердің амандығы – елдің тұрақтылығының, әлеуметтік сенімнің басты кепілі. Шымкенттен бастау алған ізгі қадам Қазақстанның әр аймағына таралуы тиіс. Өйткені ізет көрсетілген жерде ғана береке болады.