Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын тұрақтандыруға бөлінген миллиардтаған қаржы тиімсіз жұмсалып, саланы реттеуге тиіс мекемелер керісінше, нарыққа кесірін тигізгені анықталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Монополияға қарсы агенттіктің тексерісі бірқатар өңірдегі Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының (ӘКК) өз міндетін орындаудың орнына, әділетсіз бәсекеге жол ашып, қаржылық былыққа батқанын әшкереледі.
«Мәселен бір ғана қарыз алушыға 489 млн теңге көлеміндегі заем бірнеше мәрте еш қайтарымсыз ұзартылып келген. Осындай жолмен жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден асатын қарыздар да ұзартылған. Сондай-ақ кейбір кәсіпкерлерге пайызсыз әрі жеңілдетілген заем беру фактілері де анықталды. Бұл нарықтағы өзге ойыншыларға зиян келтіріп, әділетсіз артықшылық туғызған», – деп мәлімдеді агенттік өкілдері.
Бағаны тұрақтандыру үшін бөлінген бюджет ақшасының қалай игерілгені де сұрақ тудырып отыр.
Мемлекет қаржысына сатып алынған азық-түлік тұтынушыларға жетпеген күйі қоймаларда босқа сақталған.
Соңғы екі жылда сатып алынған өнімдердің тек бестен бір бөлігі ғана нарыққа жеткен. Мысалы, 2021 жылы алынған тауарлардың бір бөлігі әлі күнге дейін қоймаларда жатыр.
Одан бөлек, бюджет қаржысы дұрыс жоспарланбаған.
Атап айтқанда, картоп бағасы ең төменгі шегіне түскен қазан-сәуір аралығында 5,1 млрд теңгеге картоп сатып алынса, керісінше, мамыр-шілде айларында өнім бағасы шарықтап, тұрақтандыру шаралары аса қажет кезде жүйе мүлде іске қосылмаған.
Сондай-ақ кейбір компаниялармен жасалған келісімшарттар тең дәрежеде болмағаны да белгілі болды.
Агенттік тексеріс қорытындысында бір ӘКК-ға 300 АЕК (1,18 млн теңге) көлемінде айыппұл салды. Антимонополиялық заңнаманы бұзған өзге корпорацияларға сегіз рет ескерту берілген.
Жүйені сауықтыру мақсатында агенттік бірнеше ұсыныс әзірледі.
Оның ішінде барлық қатысушыларға ортақ ереже енгізу, қарызды толық өтемейінше жаңа несие беруді тоқтату, сатып алынған тауарларды үлестіру жоспарын жария түрде жүргізу және жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру бар.