2025 жылғы 24–25 сәуір күндері Алматы облысының Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибе мен инновациялар» тақырыбында республикалық семинар өтті,— деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Іс-шара Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысының хаттамалық тапсырмасын орындау аясында өткізілді.
Семинардың басты мақсаты — мемлекеттік тіл саясатын іске асыру мәселелерінде өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және озық тәжірибе алмасу болды. Семинар жұмысына орталық мемлекеттік органдардың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінің өкілдері, депутаттар, ғалымдар, лингвистер, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен белсенділер қатысты.
Ресми ашылу рәсімі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл шара еліміздің дамуына қосқан зор үлесіне деген құрметтің белгісі болды.
Семинар аясында Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы және «Nietfix enterprises» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат қоғамның әртүрлі салаларында қазақ тілінің позицияларын одан әрі нығайтуға бағытталған.
Семинарға қатысушыларды Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Данияр Ахметов құттықтап, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетіне мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін алғысын білдіріп, барша қатысушыларға сәтті жұмыс тіледі.
Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы Тіл саясаты комитеті басқармасының басшысы Қайыржан Рахымжанов пен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы вице-президенті Дулат Тастекей баяндама жасады. Олар өз баяндамаларында мемлекеттік тілді заңнамалық және қоғамдық деңгейде қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Семинар барысында «Til Alatau» платформасы, «Чемпион» атты мультсериалы және «Қазақша сөйлесейік» бағдарламасының жобасы сияқты бірқатар цифрлық бастамалар таныстырылды. Панельдік пікірталас аясында қазақ тілін насихаттаудағы жаңа әзірлемелер талқыланып, қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен сұрақтар қойылды.
Ресми бөлім аяқталған соң, бірқатар қатысушылар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттарымен және мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының «Тіл жанашыры» төсбелгісімен марапатталды.
Семинардың секциялық бөлімінде 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясаты тұжырымдамасының іске асырылу мәселелері кеңінен қарастырылды. Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Данияр Ахметов өңірдегі қол жеткізілген жетістіктер мен өзекті туралы баяндама жасады. «Тіл-Қазына» орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай қазақ тілінің цифрландырылуына бағытталған заманауи IT-өнімдердің таныстырылымын өткізді. Сондай-ақ, Халық банкінің Алматы облыстық филиалының вице-президенті Гүлмира Ахметова банк клиенттеріне тілдік қызмет көрсету мәселелері бойынша видеопрезентация ұсынды. Сонымен бірге Алматы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы, подполковник Абдунұр Тасыбаев тілдік кемсітушіліктің алдын алу және оны болдырмау шаралары туралы баяндады.
Іс-шараның практикалық бөлігінде прокуратура қызметкерлері ЕРАП және ЕРСОП бағдарламаларымен жұмыс істеу тәртібін көрсетті, сондай-ақ тіл туралы заңнаманы бұзу жағдайларында бақылау және әкімшілік ықпал ету шаралары туралы Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының маманы түсініктеме берді.
Бұл семинар – тілге жанашыр мамандар мен қоғам өкілдерін бір арнаға тоғыстырған, ортақ мақсат жолында тәжірибе мен пікір алмасудың маңызды алаңына айналды.