Республика күні қарсаңында руханият саласында маңызды бір оқиға өтті. Қазақ қоғамының рухани сұранысын қанағаттандырып келе жатқан «Атамұра» баспа корпорациясы мен оның президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедке жоғары қоғамдық марапаттар табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты жиын барысында Рақымғали Абрарұлы баспаның атқарған жұмыстары мен жетістіктері туралы айтып, ұлттық әдебиет пен білім саласына қосылған үлеске тоқталды. Оның айтуынша, баспаның басты мақсаты – сапалы мазмұн арқылы ұлттың рухани деңгейін көтеру.
Іс-шарада Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңес пен «Уақыт Таңдауы» агенттігінің бірлескен жобасы аясында «Атамұра» баспасы «Жылдың үздік баспасы» атағына ие болды. Сонымен қатар Рақымғали Құл-Мұхаммедке ұлт руханияты мен баспа ісіне қосқан еңбегі үшін «Ұлт қайраткері» медалі табысталды.
Айта кету керек, «Атамұра» баспасы бұған дейін де кәсіби деңгейде жоғары бағаланып келген. Биыл алғаш рет өткен «Кітап күні» аясында ол республикадағы «Үздік баспа» марапатын алған.
Рақымғали Құл-Мұхаммед – тәжірибелі баспагер ғана емес, ұлттық мүддені алға қоятын тұлға ретінде танылған. Оның жетекшілігімен «Атамұра» баспасы отандық кітап нарығында сапа мен мазмұнның үлгісіне айналды.
Бұл марапаттар – бір адамның ғана емес, тұтас ұжымның еңбегіне берілген баға. Ұлттың рухани дамуына қызмет ететін мұндай бастамалардың жалғаса беруі қоғам үшін маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







