Бүгін сағат 08:50-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Боралдай кентіндегі пәтерге жарқанат кіріп кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағынан 3 құтқарушы 1 техника бірлігімен дереу жолға шықты.
Шақырту орнына дейінгі қашықтық – 70 шақырым. Сағат 09:49-да құтқарушылар оқиға орнына жетіп, барлау жұмыстарын бастады. Сағат 10:02-де жарқанат ұсталып, тұрғын үйлерден алыс жерде табиғатқа жіберілді. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Жаз мезгілінде жарқанаттар сияқты жабайы жануарлардың тұрғын үйлерде пайда болу жағдайлары жиілейді. Осыған байланысты Алматы облысы ТЖД келесі ескертулерді ұсынады:
Жан-жаққа үрейленбеңіз және жануарды өз бетінше ұстауға тырыспаңыз.
Жануар кірген бөлмені оқшаулап, 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Жарқанатқа немесе басқа жабайы жануарларға қол тигізбеңіз – олар құтыру сияқты қауіпті ауруларды тасымалдауы мүмкін.
Кешкі уақытта терезелерге маса торларын орнатыңыз, бұл жануарлардың кіруінің алдын алады.
Қалдықтар мен тағамдарды жабық ыдыстарда сақтаңыз – бұл жабайы жануарларды үй маңына тартпауға көмектеседі.
Естеріңізге саламыз, жарқанаттар мен басқа да жабайы жануарлар экожүйеде маңызды рөл атқарады және қорғалған. Азаматтардың дұрыс әрекеттері табиғи тепе-теңдікті сақтауға және денсаулыққа төнетін қауіптердің алдын алуға көмектеседі.