Алматы облысының Қонаев қаласында кәріз тазарту жүйесін салуға бағытталған ірі инфрақұрылым жобасы іске асырылуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асып жатыр. Негізгі мақсат – коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту және қала дамуына сай заманауи инфрақұрылым қалыптастыру.
Жекеменшік әріптес ретінде «Daur Capital» ЖШС таңдалды. Компания 2023 жылы өткен конкурс нәтижесінде жеңімпаз атанған. Жобаның постинвестициялық кезеңі 2026 жылдан 2030 жылдың соңына дейін жалғасады. Ал жобалық-сметалық құжаттама 2025 жылдың шілдесінде мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.
Жоба бойынша тәулігіне 25 мың текше метр су тазарту қарастырылған. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткіш 31 мың текше метрге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Орташа сағаттық өнімділік 1 037 м³ болса, ең жоғары деңгейі 1 611 м³-қа дейін жетеді.
Құрылыс аясында ұзындығы 36 шақырым болатын қысымды кәріз құбыры салынады. Сонымен қатар үш кәріз сорғы станциясы және толық инженерлік инфрақұрылым кешені қамтылады. Оның ішінде 41 шақырым электр желісі, үш трансформаторлық станция, 22,3 шақырым газ құбыры, 22,4 шақырым байланыс желісі және 2,8 шақырым автожол бар.
Жобаға 7,5 млн текше метр көлемдегі тазартылған суға арналған жинақтаушы тоған салу да кіреді. Бұл нысан суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары 20 айда аяқталады деп жоспарланған. Нысанды 2027 жылдың 30 қыркүйегінде пайдалануға беру көзделіп отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат 2026 жылдың қаңтарында алынған.
Қазіргі уақытта алаңда дайындық кезеңі жүріп жатыр. Геодезиялық жұмыстар жүргізіліп, уақытша инфрақұрылым салынуда. Нысанда 17 техника мен шамамен 50 маман жұмыс істеуде. Жинақтаушы тоғандарда 40 мың текше метр топырақ қазылып, шығарылған.
Сонымен қатар сыртқы электр желілеріне арналған тіректер, қалыптау жүйелері жеткізіліп, газ жүйесіне қажетті 22 шақырымнан астам құбыр әкелінген.
Жоба іске қосылғаннан кейін Қонаев қаласында су тазарту сапасы айтарлықтай жақсарып, қоршаған ортаға түсетін жүктеме азаяды. Бұл қарқынды дамып келе жатқан қала үшін маңызды инфрақұрылымдық шешімдердің бірі болмақ.
Алматы облысында «Алатау аманаты» жобасы аясында өңірдің туристік әлеуетін дамыту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







