Қазақстанның бірнеше өңірінде терроризмді насихаттады деген күдікпен алты азамат ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ұсталғандар деструктивті діни ағымдардың жақтастары болған. Арнайы операция Алматы, Ақтөбе, Қонаев және Шымкент қалаларында жүргізілген.
«Күдіктілер діни себеппен шабуыл жасауға, адам өлтіруге шақырып, елдің зайырлы құрылымына қарсы шыққан», – деп хабарлады комитет өкілдері.
Тінту кезінде олардың тұратын жерінен атыс және суық қару, сондай-ақ экстремистік сипаттағы діни әдебиет тәркіленген.
Комитет дерегінше, жыл басынан бері республика бойынша терроризм мен экстремизмге қатысы бар 83 азамат ұсталып, 97 адам сотталған. Соңғы істердің бірі қарашаның басында Ақтөбе облысында аяқталған болатын. Терроризмге ашық түрде шақырған жергілікті тұрғын жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

