Қазақстан мен Қытай шекарадағы өткізу бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, жүк көліктерінің қозғалысын жылдамдатуға келісті.
Бұл туралы Ertenmedia.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қос елдің кеден және шекара қызметі «Нұр жолы» – «Қорғас» бекетінде арнайы кездесу өткізіп, нақты шараларды мақұлдады.
Сонымен қандай өзгерістер болады?
🔹 «Нұр жолы» – «Қорғас» бекеттерінің тәулік бойғы жұмыс режимі 2026 жылдың 30 маусымына дейін ұзартылды.
🔹 Қытай тарапы Қазақстаннан келетін жүк көліктерінің санын арттырмақ:
«Нұр жолы» арқылы қазіргі күні тәулігіне 650 көлік қабылдануда. 1 шілдеден бастап бұл сан – 750-ге, қыркүйектен бастап тәулігіне 1000 көлікке дейін өседі.
«Қалжат» бекетінен өткізілетін көлік саны да артты: тәулігіне 130-дан 250 көлікке дейін. Маусымнан бастап бұл сан 300-ге жетеді.
🔹 Қытай жағы мамыр айының соңына дейін «Дулаты» бекетінде қосымша жылжымалы тексеру кешенін, ал қыркүйек соңына дейін «Қорғас» бекетінде стационарлық тексеру кешенін іске қосады.
🔹 Тексеру аппараттарынан алынған рентген бейнелерін екі ел өзара мойындауға келісті. Бұл шара көліктерді қайта-қайта тексеруден өткізіп, уақыт жоғалтудың алдын алады.
🔹 «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы арқылы көлік ағынын тиімді бөлуді көздейтін жоба қолға алынбақ. Бұл шешім «Нұр жолы» бекетіндегі кептелісті айтарлықтай азайтады деп жоспарлануда.
🔹 «Нұр жолы» – «Қорғас» бекеттері арасындағы көпір мен қозғалыс жолақтарының санын көбейту мәселесі де қарастырылмақ.
🔹 Қазақстан мен Қытай шекара қызметтері ай сайын, ал кеден қызметінің үйлестірушілері әр тоқсан сайын кездесіп тұратын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы «Нұр жолы» бекеті алғаш рет тәулік бойғы жұмыс режиміне көшкен болатын.
Алайда соңғы кезде Қытаймен шекарадағы қозғалыс қайтадан күрделеніп, «Қорғасқа» жиі қатынайтын кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар тарапынан «бекет бұрынғы бейберекет күйге қайта оралды» деген сындар жиілеп кеткен еді.