Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Қытаймен шекаралас аумақта жаңа халықаралық жүк және жолаушылар әуежайы салынбақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жоба елдің транзиттік әлеуетін күшейтуге, логистика мен туризмді қатар дамытуға бағытталған стратегиялық бастама саналады. Әуежай Жетісу облысындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасады.
Мамандардың айтуынша, бұл нысан Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды әуе-логистикалық хабтардың біріне айналдыруға жол ашады.
Жобаны жүзеге асыру үш кезеңге бөлінген. Алғашқы кезең 2027 жылға дейін аяқталуы тиіс. Осы уақытта жолаушыларға арналған терминал салынып, сағатына 50 адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі жасалады.
Ал 2032 жылға қарай әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 500 жолаушыға дейін ұлғаймақ. Бұл көрсеткіш шекара маңындағы өңір үшін ғана емес, бүкіл елдің көлік жүйесі үшін маңызды серпін саналады.
Жаңа әуежай жаңа мүмкіндіктер көзі
Жобаның тағы бір маңызды бөлігі жүк тасымалына арналған инфрақұрылым. Алғашқы кезеңде жылына 50 мың тонна жүк қабылдай алатын заманауи терминал салынады.
Кейін бұл көрсеткіш 250 мың тоннаға дейін артады деп жоспарланған. Терминал теміржол тұйығымен және автокөлік тұрағымен жабдықталады. Бұл жүк тасымалын жеделдетіп, логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Әуежай құрылысына шамамен 250 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұл қаржы тек инфрақұрылым салуға емес, сонымен қатар өңір экономикасын жандандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады.
Сарапшылардың айтуынша, нысан толық іске қосылған соң жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Транзит пен туризмге жаңа серпін
Болашақта әуежай аумағында туристік және ойын-сауық инфрақұрылымы да дамытылады.
Жоба аясында Жаркент өңірін туристік орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Қытаймен шекаралас аймақтағы мұндай кешен Еуразиялық транзиттік дәліздің маңызды буынына айналуы ықтимал.
Жаңа әуежай Қазақстанның көлік-логистика саласындағы орнын күшейтіп, «Қытай – Орталық Азия – Еуропа» бағыты бойынша жүк тасымалының тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар, бұл жоба елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтып, өңірлік дамуға тың серпін бертін болады. Қорғас маңындағы әуежай тек инфрақұрылымдық нысан емес, Қазақстанның транзиттік болашағына салынған инвестиция деуге болады.

