Қорғас – Қытай мен Қазақстан арасындағы алып өткел ғана емес, елдің экономикалық жүйесінің артериясы, Еуразияның логистикалық жүрегі болуға тиіс стратегиялық нүкте. Бірақ Президент Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтқан сындарынан кейін еліміздің логистикалық тамырында (оның ішінде Қорғас та бар) арам қан пайда болғанын байқадық.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласының дамуындағы «жүйелі мәселелерді» жай ғана атап өткен жоқ – бұл шын мәніндегі ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін стратегиялық дабыл.
Транзиттік дәліздер тек жүк тасымалдау арнасы емес, олар – сыртқы саяси ықпалдың, экономикалық дербестіктің, аймақтық бәсекеге қабілеттіліктің шынайы көрсеткіші.
Шекарадағы кедергілер – бұл жай ғана баяу жұмыс емес, бұл – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне төнген ішкі қауіп. Таяуда Қорғас шекаралық аймағына барғанымызда жүйелі һәм ұйымдасқан келеңсіздіктерді өз көзімізбен көрдік. Мұны әкімшілік шалағайлық деп айтуға келмейді. Шекара маңындағы бейресми топтардың қайта қалыптасып жатқанын байқағандай болдық.
Бұған Қорғасқа барған кез келген қарапайым азаматтар бұған көз жеткізе алады. Шекара қызметкерлері – елдің абыройын сақтайтын тұлғалар болуы керек қой. Бірақ Қорғаста олар жерігілікті «талтақбай бандитсымақтардың» қолбаласына айналып кеткенін көзіміз көрді. Қарапайым азаматтар ауыр сөмкесін сүйретіп, шекарадын ары бері өту үшін кезек күтіп тұрғанда, кеудесіне нан піскен әлгі «талтақбайларға» шекарашылардың екі қолын созып, күліп, кезексіз өтіп жатқанын көрдік. Үлкендер шуалап, әйелдер айғай салғанынан олар елең еткен жоқ. Бұл – коррупциялық дәстүрдің Қорғаста қайтадан институционалана бастағанының анық белгісі.
Халықтың шекарадан алып өтетін жүгінің шектелуі, оның дұрыс рәсімделмеуі, пошталық қызметтің адам төзгісіз жағдайда болуы – мұның бәрі инфрақұрылымдық, логистикалық, басқарушылықтың Қорғаста толықтай күйрегенін байқауға болады. Жұқа қаңылтырмен қапталған ғимаратт, қыста аязда бүрсеңдеген қарттар мен жазғы аптапта есінен танған әйелдерді көргенде жаның ашиды.
Ал шекарадағы автобус күтудің өзі бір жыр. Қорғаста қарапайым азаматтар автобусты сағаттап күтіп, шенеуніктерден жауап ала алмай, бейресми сақалды қызметкерлердің ызғарлы көзінен именіп тұрғанын көргенде зығырданың қайнайды.
Сондықтан Президенттің сыны – формалды сын емес. Бұл – мемлекетті басқару философиясының жаңаруына деген талап. Логистика мен көлік – бұл экономикалық категория ғана емес, бұл – геосаяси стратегия, халықпен байланыс, мемлекеттің тиімділігінің басты көрсеткіші. Егер біз шекараны ұйымдастыра алмасақ, транзиттік әлеуетті пайдалана алмасақ, халыққа қарапайым логистика ұсынып, өз жерімізде тәртіп орната алмасақ – біздер «Орталық Азияның хабы» боламыз деген арманымыз адыра қалуы мүмкін.
Қорғастан көрген келеңсіздік – бүкіл жүйенің қай жерден жарылып жатқанын көрсететін индикатор. Ендеше, Президенттің бұл мәлімдемесі – жай ғана сын емес. Бұл – ұлттық мүддені қорғау үшін жарияланған мобилизация. Бұл дабылды естімегендер – ертең өз креслосынан айырылуы мүмкін. Өйткені логистиканы жолға қою – енді жай ғана инфрақұрылым мәселесі емес. Бұл – тәуелсіздікті нығайтатын маңызды міндет!
Нұрлан Жұмахан