Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағай жағасындағы заңсыз жер иелерінің аты-жөнін ашық жариялайтынын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның бастамасымен ерекше қорғалатын аймаққа кіретін 82 жер телімі тексерілген болатын. Бұған дейін төрт телімнің иесі ретінде Тимур Құлыбаевтың «Кипрос» ЖШС тіркелгенін хабарлаған едік. Алайда бұл заңсыз жер иеленушілердің толық тізімі емес екен.
«Жер телімдерінің артында жергілікті әкімдіктердің, Алматы облысы әкімдігінің және құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары тұр. Бізде олардың аты-жөндері бар, дәл қазір шын мәніндегі бенефициарларды анықтап жатырмыз. Кейбір жер телімі заңды тұлғалардың атына рәсімделген. Бұл жерлердің жалғыз иесі Құлыбаев немесе Қайрат Боранбаев емес. Әлгі 82 жер телімінің артында ондаған ықпалды тұлға тұр», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, заңсыз жер иеленушілердің арасында экс-президент Назарбаевтың ағайын-туғаны да жетерлік.
«Олардың саны өте көп. Алматының барлық тау бөктерінде «ескі Қазақстанның» есімдері алдымыздан шыға берді», – дейді депутат.
Дегенмен депутат әзірге басқа есімдерді жариялауға дайын емес. Ол кез келген ақпаратты мем.органдардың ресми растамасымен нақтылауы керек екенін алға тартып отыр. Әйтпесе, дәлелсіз айтылған сөз үшін сот алдында жауап беру қаупі бар.
«Сот залында уақыт өткізіп, заң шығару жұмысымнан алыстағым келмейді. Бірақ мәселені соңына дейін жеткізу керек. Бұл жерлер мемлекеттің меншігіне қайтарылуы тиіс. Әрине жер иелері бұған жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Маған қысым көрсетуі де ықтимал. Еркі білсін. Біздің міндет заңдылық пен әділеттің салтанат құруына ықпал ету», – деді депутат.
Базарбектің пікірінше, жер телімін заңсыз үлестірген әкімдік қызметкерлері жауапқа тартылуы керек.
«Бұлар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады, сондықтан жекеменшікте болуы мүмкін емес. Қапшағай әкімдігі жағалаудағы жерді оңды-солды таратып жіберген. Иелері жерді қоршап, халықтың жолын шлагбауммен жауып отыр», – деп атап өтті ол.
Ең қызығы, бұл мәселеге қатысты соттар да нақты шешім қабылдаудан жасқанады екен. Сот қаулысында әкімдік шешімі заңсыз деп танылғанымен, қылмыстық іс қозғалуы тиіс жеке ұйғарым шығарылмай отыр.
«Соттар көбіне батыл қадамға бара алмайды. Біз бұл мәселені парламент деңгейінде көтереміз. Өзім де кінәлілердің жазасыз қалмауын жеке бақылауыма аламын», – деп түйіндеді депутат.