Treads-те 600 мың теңгелік торттың төңірегіндегі дау толастамай тұр. Астаналық кондитер Нұршат Ақбергенова мен Әселина Батыр дейтін блогердің арасындағы батл елді екіге жарған жайы бар деп жазады Ertenmedia.
Нұршат Ақбергенова блогердің тапсырысымен туған күн кешіне салмағы 18 келі болатын ерекше торт әзірлеген. Бір апталық еңбектің нәтижесінде торттың бағасы 600 мың теңгеге шыққан.
Алайда кондитер тапсырыс берушіден алдын ала алған 100 мың теңгеден басқа ақшасын ала алмай жүр.
«Материалдарға ғана өз қалтамнан 440 мың теңге жұмсадым, әр тиынының чегі қолымда тұр. Торттың сапасына, жасалуына ешкімнің шағымы болған жоқ. Бірақ тапсырыс беруші еңбегімді елеген жоқ. Бір апта бойы төрт адам еңбек еттік. Қазір өз ақымды ғана емес, қызметкерлерімнің де ақшасын бере алмай отырмын. Мен екі баланы жалғыз өсіріп отырған анамын. Торттың ақысын күтіп шаршадым», – деді Нұршат Ақбергенова.
Ал Әселина Батыр өз кезегінде торттың бағасын алдын ала білмегенін алға тартып отыр. Блогердің айтуынша, тәттінің бағасын кондитер оған тек шара аяқталғаннан кейін, торт желініп болған соң ғана жіберген.
«Ол жағдайды әсірелеп, халықты маған қарсы қойып отыр. 600 мың теңге туралы алдын ала келіскен жоқпыз. Мен тапсырыстың 100 мың теңгесін алдын ала төледім. Тортты алар сәтте қанша екенін нақты сұрағанымда, «кейін жазамын» деген жауап естідім. Бағаны алдын ала білгенде, мұндай тортқа тапсырыс бермес едім», – дейді блогер.
Кондитер болса, тапсырыс берушінің үнемі ойын өзгертіп, қосымша талап қойғанын айтып ақталуда. Нұршаттың сөзіне қарағанда, бағаның қымбаттығы сол талаппен тікелей байланысты.
Жанжал ушыққан соң Әселина Батыр заңгер жалдап, «жала жабу мен бопсалау» бойынша сотқа арыз әзірлеп жатқанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, кондитер бағаны әдейі жасырған.
Желідегі жұрттың пікірі қақ жарылып, қырықпышақ болып жатыр. Бір топ «тауар бағасын алдын ала айту керек еді» деп блогерді жақтаса, келесі тарап «тортты тауысып тастаған соң қымбатсынып отыр» деп кондитерге қолдау білдіруде.