Астанада танымал болған «600 мыңдық торт» дауы енді сотқа жетті. Кондитер Нұршат Ақбергенованың өкілі тортқа тапсырыс беруші блогер әрі құрақшы Әселина Батырдан моральдық өтемақы талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттағы алдын ала тыңдауда кондитердің өкілі келесі талаптарды қойды:
«Жауапкерден ауызша келісім бойынша берешек ретінде 500 мың теңге өндірілсін. Абырой мен іскерлік беделге нұқсан келтірген жалған мәліметтерді таратқаны үшін моральдық зиян ретінде 3 млн теңге төленсін. Бұған қоса жауапкер БАҚ-та жария түрде терістеме жасап, сот шығындарын өтесін».
Өзін «құрақ көрпе патшайымы» деп әспеттейтін Әселина Батырдың өкілдері әлеуметтік желідегі жазбаларға арнайы сараптама тағайындауды сұрады.
«Бұл сараптама тараптардың жазбаларын талдап, моральдық тұрғыда кімнің зардап шеккенін, кімнің кибербуллинг құрбаны болғанын анықтауы тиіс. Өйткені бұл іс жеке келіспеушіліктен асып, саяси астары бар процеске айналып бара жатыр (Әселина Батыр Грекия дипломаты Манолис Андрулакистің жұбайы – авт.)», – деді қорғаушы Ғазиза Әмірбекова.
Сот сараптаманы тағайындау туралы шешімді негізгі сот талқылауы басталғаннан кейін қабылдайтынын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Батырдың өкілдері сот процесін журналистердің қатысуынсыз, жабық өткізуді сұраған болатын. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Процесс ашық түрде, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтеді деп шешілді.
Алдын ала тыңдау барысында екі тараптың өкілдері қызу пікірталасқа түсіп, дауыс көтеріп, бірін-бірі тыңдамай кеткен. Тіпті судья Гүлзада Рашқалиева тәртіп бұзған адвокаттарға бірнеше рет ескерту жасап, ескертулерін сот отырысының хаттамасына енгізді. Ақыр соңында судья отырысты белгісіз мерзімге кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
Еске салайық, елді елең еткізген жанжал 11 тамызда басталған. Астаналық кондитер Нұршат Ақбергенова Threads желісінде танымал құрақшы Әселина Батырдың құны 600 мың теңге болатын авторлық торттың ақшасын төлемегенін жариялады.
Өз кезегінде құрақшы кондитердің бастапқыда торт бағасын атамағанын, ал өзі мұндай қымбат бағаны күтпегенін айтты. Кондитер болса, ортақ танысының өтінішімен жеңілдік жасағанын, әйтпесе торттың шын бағасы 800 мың теңге екенін алға тартқан.
Бұл дау халықаралық деңгейде талқыланып, желіде Қазақстан туралы түрлі мемдер мен пікірлер тараған еді.
Соттың алғашқы қысқа отырысы 19 тамыз күні өтіп, кейін талапкердің өтінішімен 30 қыркүйекке қалдырылған болатын.
…
Қорытылып кеткен 600 мың теңге: қазақ тойындағы ең қымбат десерттің трагедиялы тағдыры. Толығырақ осы тұста.

