Мәжіліс депутаттары ауыл шаруашылығын жаңаша дамыту тәсілдерін талқылап, агросекторды цифрландыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Ақмола облысының Қосшы қаласында Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті көшпелі жиын өткізді. Аталған комитеттің төрағасы Серік Егізбаев жетекшілік еткен жиында тігінен интеграцияланған агрокәсіпорындардың озық тәжірибесін ел аумағына тарату жолдары айтылды.
Іс-шара Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты биылғы жылғы Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыруды көздейді.
Серік Егізбаевтың атап өткеніндей, Ақмола облысының таңдалуы да бекер емес. Биыл аталған өңір республика бойынша астық жинаудан көш бастады. Сонымен қатар мұнда агрохабтар қалыптастыруға мүмкіндік беретін дамыған логистика мен цифрландыру деңгейі жоғары.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толық циклмен жұмыс істейтін, терең өңдеуді жолға қойған әрі инновациялық технологияларды қолданатын агрокәсіпорындардың тәжірибесін бүкіл ел бойынша енгізуді тапсырды. Осы орайда Ақмола облысының тәжірибесі ерекше маңызды. Өңірде аграрлық бизнес, ғылыми орталықтар мен мамандар даярлау жүйесі өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Сондықтан біз дәл осы жерде агрохолдингтердің тиімділігін, цифрлық жүйелер мен инновациялық технологиялардың енгізілу барысын жан-жақты сараптауды жөн санадық», – деді комитет төрағасы.
Жиынға Мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ақмола облысының әкімдігі, «Аграрлық несие корпорациясының» басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысты. Сонымен қатар еліміздің әр түкпірінен 100-ден аса шаруашылық басшылары бейнеконференция арқылы байланысқа шықты.
Шығыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстарындағы агрокәсіпорындар мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілдері цифрландыру, суды үнемдеу және егістік жерлерді тиімді пайдалану бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Депутат Әлтайдың әділдік формуласы
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жиында өңдеушілер мен өндірушілердің арасындағы байланысты күшейту керектігін ерекше атап өтті.
«Өндіруші мен өңдеуші ауыл шаруашылығы саласының қос қанаты. Осы нәрсені үнемі назарда ұстау керек. Олар бәсекелес емес, керісінше, бір-бірімен серіктес болуы қажет. Осы байланысты қамтамасыз етуде мемлекеттік органдардың әділ және тең жағдай жасауы аса маңызды», – деді депутат.

Комитет төрағасы Серік Егізбаев жиын барысында көтерілген ұсыныстардың Үкіметке арнайы ұсыным ретінде жолданатынын жеткізді.
Көшпелі отырыс аясында депутаттар Целиноград ауданының республикаға танымал Мәншүк Мәметова ауылындағы «Ен-Дала» сүт фермасын, Қосшыдағы «Алтын-Қазық» ет және шұжық өнімдерін өндіретін кәсіпорынды, құс етін өндірумен айналысатын «Aitas Agro» компаниясын және жартылай фабрикаттар шығаратын «Il-Tov» кәсіпорнын аралап, олардың заманауи технологиялары және өндіріс процестерімен жете танысты.

