ҰҚК Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты тергеу амалы басталғанын ресми растады деп хабарлайды Ertenmedia.kz Kazinform-ға сілтеп.
Бұған дейін кейбір ақпарат көздері шенеуніктің ұсталғанын хабарлаған еді. Мұсағазинаның есімі бұған дейін де өңірдегі денсаулық сақтау саласын дүр сілкіндірген ірі жемқорлық ісімен байланыстырылған болатын.
Аталған іс бойынша Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев ұсталған.
Тергеу бұларға мемлекеттік емхана мен ауруханаларға медициналық жабдықтарды сатып алу барысында ірі көлемде пара алды және бюджет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағуда.
Қостанай облысының прокуратурасы бұған дейін осы іске байланысты қазынаға 2 миллиард теңгеден астам шығын келгенін мәлімдеген. Тергеу материалында медициналық мекемелерге нарықта сұранысы жоқ құрал-жабдықтар бірнеше есе қымбат бағаға сатып алынып, бюджет қаржысы мақсатсыз жұмсалғаны айтылған.
Қазір облыс әкімінің орынбасары Мұсағазинаның ісі бойынша материалдар Қостанай қаласының тергеу сотына жолданған. Тергеу жалғасуда.
Бұған дейін кейбір ақпарат көздері ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғанын хабарлаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

