Қостанай облысында денсаулық сақтау нысандарының құрылысына қатысты заңсыз сыйақы алу ісі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, авторлық қадағалау тобының басшысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша дәрігерлік амбулаторияларды салып жатқан компанияның бас инженерінен 9 миллион теңге көлемінде пара алған.
Күдікті орындалған жұмыс актілері мен нысандарды пайдалануға беру құжаттарына қол қою үшін құрылыс компаниясының өкілінен бопсалау жолымен ақша талап еткен.
«Жедел іс-шара барысында күдікті заңсыз сыйақыны алу үстінде қолға түсті. Сыйақы көлемі аталған құрылыс нысандарының жалпы құнының шамамен 1 пайызын құрайды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», – делінген хабарламада.

