Костанайда демалыс кезінде мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тартқаны үшін ешбір шенеунік жауапқа тартылмаған деп хабарлайды Ertenmedia.
Маусымның басында Костанай әкімі Марат Жүндібаев мұғалімдерді қаладағы жағажайды бақылау жұмысына тарту туралы бастама көтерген.
«Ұстаздарды неге мәжбүрлейсіздер?» деп кейбіреулер жазып жатыр. Сонда рейд шараларын кім жүргізеді? Полицияның да, ТЖ қызметкерлерінің де саны шектеулі. Бұл бәрімізге ортақ жұмыс. Мұғалімдер 40 күн демалады, осы уақыт ішінде мектептегі жөндеу жұмысына және басқа да шаруаларға араласады. Сол үшін жалақы алады. Сондықтан жағажайдағы рейдтерді де ұйымдастыруға болады деп ойлаймын», – деген болатын Жүндібаев.
Білім және Еңбек министрлігінің өкілдері мұның заңсыз екенін бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, әкімдік ұстаздарды жағажайдағы рейдке алып шыққан.
«Мәселе көтеріле сала Білім министрінің бірінші орынбасары дереу облыс басшылығымен сөйлесті. Әкімдікке мұндайға жол бермеу қажеттігі ерекше ескертілді. Сол күні-ақ Костанай облысының әкімдігіне, қалалық білім бөліміне және облыстық білім басқармасына ресми хаттар жолдадық», – деген екен министрлік өкілі Informburo.kz порталына берген жауабында.
Министрлік сондай-ақ құқығы бұзылған ұстаздардың білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне тікелей шағымдана алатынын айтып отыр. Дегенмен әзірге мұғалімдер тарапынан жағажайдағы рейдке қатысқаны туралы ешқандай ресми шағым түспеген.
«Мұндай шағым немесе арыз түссе, заң аясында дереу шара қолданылады. Нақтырақ айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 7-3 тармағына сәйкес, заң бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылуы тиіс», – деп түсіндіріпті ведомство өкілдері.
Десе де, бүгінге дейін Костанай әкімдігінен ешкім жазаланған жоқ. Желідегі қауым, жергілікті ұстаздардың әкімдікке қарсы келуден қорқатынын жарыса жазуда.
Депутаттар да Қостанай облысының әкімдігіне мұғалімдерге оқу жүктемесінен тыс міндетті арту баяғыда артта қалған тәжірибе екенін еске салып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін өзен-көлдерді жағалап рейд өткізу туралы сөз қозғалмауы керек.
«Мұғалімнің негізгі міндеті оқыту, әдістемелік жұмыстармен айналысу және кәсіби біліктілігін арттыру. Жазғы демалыс мұғалімдерге жағалауды күзетіп жүру үшін берілмеген. Азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету әкімнің тікелей жауапкершілігі», – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.