Экс-бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың үстінен іс қозғалса да, әлі күнге бостандықта жүруі бекер емес. Оның қолында қазіргі лауазымды шенділерге қатысты аса құпия құжаттар бар.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Пікірмедиа» YouTube-арнасына берген сұхбатында осындай ой білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың сөзінше, ұзақ жыл бойы күштік құрылымдарда қызмет еткен Қожамжаров талай құпия мәліметты жинап алған. Әлгі ақпаратты өзін қорғау құралы ретінде пайдаланып отырған болуы мүмкін.
«Қазір шешім қабылдап отырған мемлекеттік тұлғалардың көбі кезінде Қожамжаровтың кабинетіне кіріп-шығып жүрген адамдар. Олар шынайы өмірдегі министрлер, комитет төрағалары және тергеу органдарындағы шешім шығарушы қызметкерлер.
Қожамжаров тікелей өзі араласпай-ақ, белгілі бір адам арқылы «егер маған тиетін болсаңдар, мына құжатты жариялаймын» деген астыртын месседж жіберуі мүмкін.
Бұл жай болжам емес, оның құпия ақпаратқа, жабық құжаттарға толық қолы жеткендігі шындық», – дейді депутат.
Әсіресе, бизнес өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің тағдырына тікелей әсер еткен шешімдердің артында көбінесе Қожамжаров тұрғаны жасырын емес дейді осы тұста Абзал Құспан.
Финполдың экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров 2025 жылдың басынан бері Мәскеуде тұрып жатыр. Соңғы кезде Ресей Қожамжаровқа қолайсыз болып жүр, ескі Қазақстанның белді өкілі басқа елге қоныс аударуды жоспарлап жүр дейді-мыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

