ҚҚС көтерілетіні туралы жаңалықтардан кейін қазақстандықтарды тұрғын үй бағасы алаңдатып отыр. Бүгін Сенат дәлізінде осы мәселе бойынша ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Оның сөзінше, бұл сұрақты қоятындар аз емес.
«Бұл сұрақты қойған алғашқы адам емессіз… Шынымды айтсам, тұрғын үй бағасы қалай өзгеретінін білмеймін. Маған белгілісі, соңғы 15 жылдағы тарихи деректерді қарасақ, жылжымайтын мүлік — бұл теңгемен есептелетін тауар, долларлық емес. Яғни, жылжымайтын мүлік бағасы негізінен теңгемен белгіленеді және ұлттық валютаға көбірек тәуелді. Мұны статистикалық мәліметтер де растайды. Кез келген адам мұны өз бетінше зерттей алады. Егер доллар бағамы өзгеріп, кейбір сатушылар бағаларын доллармен сәйкестендіріп түзетсе де, олар кейін теңгелік негізгі деңгейге қайта оралады. Себебі жылжымайтын мүлік – бұл теңгелік актив, ол теңгемен табыс әкеледі», – деп түсіндірді вице-министр.
Қасенов ҚҚС бастапқы тұрғын үй бағасына қолданылмайтынын нақтылады.
«ҚҚС бастапқы нарыққа, яғни жаңа тұрғын үйлердегі пәтерлерді сатуға қолданылмайды. Мүмкін, басқа механизм немесе басқа салық енгізіледі. ҚҚС салынатын барлық тауар мөлшерлеме өскеннен кейін қымбаттайды. Қазір бұл көрсеткіш 16 пайызға дейін артуы мүмкін деп талқыланып жатыр», – деп түсіндірді шенеунік.
«Ал коммуналдық қызметтер ше? Олар қазірдің өзінде қымбаттап жатыр. ҚҚС-тың өсуі оларға әсер ете ме?» – деп сұрады журналистер.
«ҚҚС-ты қамтитын барлық тауар мен қызмет бір реттік қымбаттайды. Олардың бағасы автоматты түрде мөлшерлеме айырмашылығына сәйкес өседі. Алайда бұл әсер қысқа мерзімді болады», – деп жауап берді Арман Қасенов.