Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС жаңа мөлшерлемесінің мән-жайын түсіндірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Үкімет отырысында Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін арттыру және оны саралау бюджеттің мұнай кірістерінің құбылмалылығына тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге және маңызды мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Министрдің сөзіне сенсек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босату ұсынылып отыр.
«Қазір шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді, біз оны сақтаймыз. Заңды тұлғалар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер бюджетке төлеуге тиіс ҚҚС-тың 30 пайызын төлеп отыр. Енді олардан төлем алынбайды. Бұл Қазақстанда өндірілген барлық өнімнің (картоп, қызанақ, пияз, қырыққабат және т.б.) бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Денсаулық сақтау саласына төмендетілген мөлшерлеме ұсынамыз. Бұл тағы кімге әсер ететінін қосымша талқылаймыз, барлық ұсынысты жинап, сарапшылар мен бизнес өкілдерімен бірге шешім қабылдаймыз», — деді Жұманғарин.
Министрдің пікірінше, мөлшерлеменің көп болуы есеп жүргізу мен декларациялау процесін қиындатады.
«Бұған жол бермеу үшін 16 пайыз, 10 пайыз, 0 пайыз және босату деген ұсыныстар бар. Қазір тек 4 пайыз кәсіпорын ҚҚС төлейді. Көптеген компания салықтан жалтарады, бұл салық жүйесінің бұзылуына және ҚҚС есебіне кедергі жасайды. Сондықтан біз есепке алу шегін 80 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынамыз», — деді ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да жан-жақты пысықтауды тапсырды.
«Үкімет бұл мәселені депутаттар мен сарапшылармен терең талқылауы керек. Бізге мемлекет үшін ең тиімді шешімді табу керек. Яғни бір жағынан бизнеске кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасау, ал екінші жағынан салық салу тәртібін күшейтіп, бюджет кірістерін арттыру жолын табу қажет», — деді Президент.
Бұған дейін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин де салық реформасы аясында ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын түсіндірді.
«Біз мына механизмді қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін 10% мөлшерінде аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкіметтің ұсынып отырған мөлшерлемелері: 16%, 10%, 0% және босату», — деді Азамат Әмрин.