Қазақстанда теміржол тасымалының тарифтері күрт көтерілгеннен кейін кәсіпкерлердің өндірісі тоқтап, экспортқа шығаратын тауары өтпей, серіктестерімен жасалған келісімдер бұзыла бастады. Әсіресе, кен-металлургия саласындағы кәсіпорындар үлкен соққы алып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.
1 мамырдан бастап магистральды теміржол желісінің тарифі 35 пайызға өсті. Енді 1 маусымнан локомотив тарту қызметінің бағасы тағы қымбаттайды. Мұндай қымбатшылықтың негізгі ауыртпалығы металлургия, көмір өндіру және астық экспорты салаларына түсті.
Өйткені, Қазақстандағы барлық жүктің 65 пайызы теміржол арқылы тасымалданады. Логистика құнының артуы ел өнімдерінің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілетін әлсіретіп, экспорттық келісімдерден айырылып қалу қаупін күшейтіп отыр.
«Жоғарыдан қабылданған шұғыл шешімдер кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп тұр. Көптеген кәсіпорындар амалсыздан бейімделуге мәжбүр. Бұл — бизнестің алдын ала жоспар жасауына кедергі келтіреді», – дейді «TIS Service» ЖШС-нің басқарушы директоры, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының «Көлік және логистика» салалық кеңесінің мүшесі Данияр Дүйсемалиев.
Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» компаниясы тарифті өсіруді мәжбүрлі шара деп түсіндіреді. Себебі, компания тасымалдап отырған жүктердің 70 пайызы – көмір, астық және руда, олардың тарифі шығынды ақтамайды.
Компания өкілі Диас Түсіпбековтың айтуынша, тариф құнының артуы теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және локомотив паркінің техникалық жай-күйін жақсартуға жұмсалмақ.
«Ұлттық оператор қайырымдылықпен айналыса алмайды. Нарық заңына бағынатын, болжамды, ашық тарифтік саясат қажет. Әр кәсіпкер өзінің қанша шығын шығаратынын алдын ала біліп отыруға тиіс», – дейді Public Policy Research Center орталығының директоры Меруерт Махмұтова.
Дегенмен кәсіпкерлер мен өндірушілер ең алдымен тарифтің тұрақты және болжамды болғанын талап етеді. Мәселен, астық экспорттаушылардың аргументін Үкімет ескеріп, тарифті уақытша ұстап қалуға шешім қабылдағанымен, көмір мен кен өндірушілердің жағдайы қиындай түсетіні анық.