Халықаралық Moody’s агенттігі «Еуразиялық банктің» болашағына қатысты болжамын «Тұрақтыдан» «Жағымсызға» өзгертті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мұндай шешімге банктің несие портфеліндегі проблемалық қарыздардың күрт көбеюі себеп болған. Moody’s мәліметінше, 2024 жылдың соңында проблемалық несиелер үлесі 15,1%-ға жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 10,2% болған еді. Бұған қоса, банктің резервтермен қамтамасыз ету деңгейі де 109%-дан 77%-ға төмендеп кеткен.
«Болжамның «Жағымсызға» өзгеруі активтер сапасының нашарлауы және алдағы бір-бір жарым жылдағы банк стратегиясының бұлыңғырлығына қатысты алаңдаушылығымыздың көрінісі», – деп атап өтті Moody’s.
Агенттіктің пайымынша, алдағы уақытта «Еуразиялық банк» жеке тұлғаларға несие беруді азайтып, корпоративтік секторға, әсіресе шағын және орта бизнеске көбірек көңіл бөледі. Сарапшылардың айтуынша, жаңа бағыттың өз тәуекелі бар, бұл банктің алдағы қадамдарын болжауды қиындата түседі.
Дегенмен агенттік банктің қазіргі қаржылық ахуалы біршама орнықты екенін де атап өтті. Moody’s мәліметінше, банктің капиталы мен өтімділік қоры жеткілікті, табыстылығы тұрақты, нарықтық қаржыландыруға тәуелділігі де төмен.
2025 жылдың бірінші жартысында банктің активтер бойынша табыстылығы 2%-ды құраған, ал капитал деңгейі 20%-дан асқан. Өтімді активтердің үлесі 46%, бұл депозиттердің ықтимал жылыстау қаупін сейілте алады.
Сондықтан агенттік әзірге банктің ұзақ мерзімді депозиттік рейтингін Ba2, контрагент тәуекелінің рейтингін Ba1 және негізгі кредиттік қабілеттілігін ba3 деңгейінде сақтап отыр.
Алдағы уақытта «Еуразиялық банк» несие портфелін сауықтырып, резерв қорларын ұлғайтса, болжам қайтадан «Тұрақтыға» өзгеруі мүмкін. Бірақ проблемалық несиелер үлесі одан әрі көбейіп, депозиттердің жылыстауы байқалса, Moody’s банктің рейтингін төмендетуі ықтимал.