Құлсарыда сыныптастарына балтамен шабуыл жасаған оқушының оқиғасынан кейін білім ордасының директоры қызметінен босатылды. Басшының жұмыстан қуылғанын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жария етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, Атырау облысы Құлсарыда болған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.
«Кеше Атырау облыстық білім басқармасының басшысымен тілдестім. Ол маған оқыс жағдай болған мектеп директорының қызметтен алынғанын жеткізді. Мектеп қабырғасындағы кез-келген бұзақылық, буллинг пен жанжалға құқықтық және әкімшілік тұрғыдан тиісті бағасы берілуі керек», – деді министр Сүлейменова.
Ол қазіргі заңнама бойынша буллингке әкімшілік жаза көзделгенін еске салды.
Сонымен қатар, оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында Атырау облысына арнайы комиссия аттанды. Комиссия өңірдегі бірқатар мектепте тексеру жұмысын жүргізеді.
Еске салсақ, Құлсары қаласында оқушы өзімен жанжалдасқан сыныптастарына балтамен шабуыл жасап, мектептен кетіп қалған болатын. Жанжалдың салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетіп, шабуыл жасаған оқушыны ұстап, жауапқа тартқан. Атыраулық қоғам белсенділері өңірдегі бала қауіпсіздігі мәселесін министрге жеткізуді көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

