Құлсары қаласында жаңадан салынып жатқан мектептің төбесі опырылып түсті. Samruk-Kazyna Construction компаниясының мамандары апатқа құрылыс материалдарын дұрыс орналастырмаған мердігер кінәлі деп отыр деп хабарлайды Ertenmedia.
Компания таратқан мәлімет бойынша, мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер «Turan Ascent» ЖШС. Жоспарға сәйкес, ғимарат 2025 жылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс болған.
«Алдын ала анықталған себеп спорт залының төбесіне құрылыс материалдарын дұрыс орналастырмау. Мердігер бір аумаққа салмағы алты тоннадан асатын ауыр жабын материалдарын жинап қойған. Соның салдарынан шатырдың бір бөлігі зақымдалған», – дейді Samruk-Kazyna Construction өкілдері.
Қазір оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, оған компания басшылығы, техникалық және авторлық бақылау мамандары қатысуда. Сонымен қатар, ғимарат конструкциясының беріктігі мен жобаға сәйкестігін анықтау үшін тәуелсіз сарапшылар да тартылған.
«Нақты қорытынды сараптама нәтижесі шыққан соң жарияланады. Барлық анықталған кемшілікті мердігер өз есебінен түзетуге міндетті», – деп атап өтті компания.
Samruk-Kazyna Construction өкілдері мектеп құрылысының сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мәселесінде қатаң ұстанымда екенін жеткізді.
Компания «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысы бойынша бірыңғай оператор. Ал жобаның бюджетін басқару міндеті облыстық құрылыс басқармасына жүктелген.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық болып салынуда.
Құлсары халқы болған оқиғаны әлеуметтік желіде қызу талқылап жатыр. Жұрттың пікірінше, шатырдың құрылыс кезінде құлағаны үлкен қауіптен аман алып қалған.
«Осындай жағдайдың құрылыс барысында болғаны дұрыс болды. Егер мектеп қолданысқа берілгеннен кейін төбесі құласа, балалардың өміріне қауіп төнер еді. Бірақ мектептің құрылысы бітпей жатып төбесінің опырылып түсуі – дабыл қағатын мәселе. Балаларымыздың қауіпсіздігіне сенімді болғымыз келеді», – дейді тұрғындар.