Қазақстанда банктер мен жекеменшік компанияларға «халық» сөзін қолдануға тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.
Orda-ның мәліметінше бастаманы қолдаған 50-ден астам депутат тиісті ұсынысты «Банктер туралы» заңның 7-бабына өзгеріс ретінде енгізді.
Түзетудің негізгі авторы депутат Марат Бәшімов. Оның айтуынша, «халық» сөзі Ата заңда биліктің қайнар көзімен тікелей байланысты ұғым.
Мұны жеке меншік банктер мен олигархиялық құрылымдар коммерциялық мақсатта пайдаланған кезде, қоғамда «жалған қоғамдық миссия» туралы қате түсінік қалыптасып, елдің қаржы жүйесіне деген сенімге селкеу түседі.
«Конституциядағы «халық» сөзі қасиетті ұғым, ол биліктің қайнар көзі. Осындай салмақты ұғымды коммерциялық құрылымдар жарнама ретінде пайдаланып отыр. Бұл тұтынушыларды шатастырады және әділ бәсеке ережесін бұзады», – дейді Бәшімов.
Депутаттардың сөзінше, халықаралық тәжірибеде «ұлттық», «халықтық», «мемлекеттік» деген сөздер тек мемлекеттік мекемелерге ғана тиесілі, ал жекеменшік компания мұндай атауларды пайдалана алмайды.
Сондай-ақ олар Halyk Bank секілді жеке банктің «халық» сөзін пайдалануы тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң талаптарын бұзуы мүмкін екенін атап өтті.
Саяси сарапшы Ғазиз Әбішев бастамамен келіспей отыр.
«Конституцияда «халық» деген сөзді тек мемлекеттік немесе саяси институттарға ғана теліп қойған норма жоқ. Halyk Bank кеше құрылған жоқ, бірнеше онжылдық бойы жұмыс істеп келе жатыр. Оны ешкім мемлекеттік банк деп ойламайды. Мұндай жасанды шектеу экономикаға зиянын тигізуі мүмкін», – дейді Әбішев.
Сарапшының пікірінше, мұндай мәселені депутаттар эмоциямен емес, кәсіби қауымдастықпен талқылаған дұрыс.
«Президент Тоқаев жақында ғана инвестициялық климатқа сенімді күшейту керек деді. Ал Halyk Bank инвесторлар қауымдастығына кіреді. Мұндай мәселелені популистік емес, кәсіби тұрғыда талқылаған жөн», – деп түйіндеді ол.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев та осы ұстанымда.
«Депутаттардың логикасына салсақ, ертең Kaspi банктің да атауын өзгерту керек, өйткені біреу оны Каспий теңізінің иесі деп ойлап қалуы мүмкін. Forte банкі шетелше естіледі, соны да өзгерту керек пе? Мұның бәрі қоғам назарын экономикалық дағдарыстан басқа жаққа аударудың амалы сияқты», – деді Әшімбаев.
Айта кетейік, Марат Бәшімов осы мәселені бұған дейін де көтерген еді. Ол Тимур Құлыбаев бақылайтын Halyk Bank атауы азаматтық заң нормасын бұзып, тұтынушыларды шатастырып отырғанын айтқан.
«Құлыбаев? Халық атынан сөйлеуге тек конституциялық мәртебесі бар ұйымдар құқылы. Банктің «халықтық» деп аталуы заң тұрғысынан қаншалықты дұрыс? Бұл атау халықты шатастырып отырған жоқ па? Бұған кім рұқсат берген?», — деген еді ашуға булыққан депутат.