Ауыл шаруашылығы министрлігі Астанадағы «Керуен» сауда орталығы маңындағы жер телімін неге тікелей әкімдікке бере алмай, жеке меншікке сатуға мәжбүр болғанын түсіндірді. Бұл туралы вице-министр Азат Сұлтанов Qogam News басылымына берген сұхбатында мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрлік өкілінің айтуынша, аталған жер телімі бұрынғы иесінен төрт жыл бойы игерілмегендіктен қайтарылып алынған. Бірақ министрлік оны сату процесін бастаған кезде Астана қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, телім құрылыс аймағынан абаттандыру аумағына ауыстырылған.
«Жердің мақсаты өзгерген соң біз сотқа жүгініп, осы учаскені тікелей коммуналдық меншікке өткізіп, саябақ жасау үшін пайдалануды ұсындық. Алайда заң талаптарына сәйкес сот біздің өтінішімізді қабылдамады. Сондықтан сот шешімін орындау үшін жер учаскесі аукционға шығарылып, екі бөлікке бөлініп сатылды», – дейді вице-министр.
Азат Сұлтановтың айтуынша, мұндай жағдайда жер телімін мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарып алса, оның иесіне нарықтық құны бойынша өтемақы төленуі міндетті. Бұл заң инвесторлардың құқығын қорғау мақсатында қабылданған және одан ешқандай мемлекеттік орган аттап өте алмайды.
Сонымен қатар, вице-министр болашақта жер саудасындағы түрлі алыпсатарлық әрекеттерді жою үшін заңнамаға өзгерістер енгізілетінін хабарлады. Қазір кейбір пысықайлар жер саудасында бағаны жасанды түрде өсіріп, оны қайтарымсыз пайда көзіне айналдырып отыр.
«Мысалы, мемлекет аукционға жер телімін шығарғанда, оны бұрынғы иесі өзіне жақын, үлестес компаниялар арқылы қайта сатып алады. Аукционда өте жоғары баға ұсынады, нәтижесінде басқа қатысушылар мұндай жасанды бағаға қатыса алмай шығып кетеді. Осылайша жер қайтадан сол адамның бақылауында қалады, әрі ол бағалық айырмашылықтан қосымша пайда көреді», – деп түсіндірді вице-министр.
Осыған байланысты министрлік жердің кадастрлық құны мен аукциондағы бағасы арасындағы айырманы мемлекет бюджетіне түсіру туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Сұлтановтың сөзінше, бұл өзгеріс жер саудасындағы алыпсатарлықты жойып, жасанды әрекеттерге тосқауыл болады.
Айта кетсек, бұған дейін Астана әкімдігі «Керуен» сауда орталығы маңындағы жерді мемлекеттік қажеттілік үшін қайтарып алмақшы болған. Бастапқыда Тимур Құлыбаевқа тиесілі болған бұл жер 2022 жылы қайтарылып, кейін жеке компанияға аукционда 176 млн теңгеге сатылған.
Қазір әкімдік осы жерді қайта сатып алуға ниетті, алайда әкімдік «миллиард теңге төленеді» деген ақпаратты жоққа шығарып, нақты соманы жариялаудан бас тартқан еді. Сондай-ақ, жердің қазіргі иесінің кім екені «жеке деректерді қорғау туралы» заңға байланысты айтылмаған.