Экс-президент Назарбаевтың қызы мен күйеу баласына тиесілі «Алмэкс» холдингі 2023 жылдың нәтижесі бойынша дивиденд төлемейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Forbes.kz дерегінше акционерлердің жалпы жиыны кезінде осындай шешім қабылданған. Жиналыс 2024 жылғы 30 мамырда өтті. Холдингтің былтырғы таза пайдасы қандай болғаны әзірге белгісіз. Акционерлер жылдық қаржылық есепті бекіткенімен, компания ол құжатты көпшілікке жарияламаған.
Өткен жылы холдингтің иелері таза табыстың толық сомасын дивиденд ретінде бөліп алған еді. Ол кезде дивидендтің жалпы мөлшері шамамен 88,9 миллиард теңгені құрады.
«Алмэкс» холдингін Тимур мен Динара Құлыбаевтар тең үлеспен басқарады. Forbes Kazakhstan дерегі бойынша, олардың ортақ байлығы – 5 миллиард доллар шамасында. Қазақстандағы ең дәулетті 75 бизнесмен рейтингінде ерлі-зайыпты Құлыбаевтар екінші орында тұр. Ал Тимур Құлыбаевтың өзі Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері қатарында үшінші орынға жайғасқан. «Алмэкс» арқылы олар Halyk Bank-тің 69,52 пайыз акциясына иелік етеді.
Айта кетелік…
Жуырда Құлыбаевтар әулетіне қатысы бар мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Алматы қаласының прокуроры берген талап-арыз бойынша, Ақтау теңіз сауда порты аумағында орналасқан, құны 66 миллион долларлық мұнай терминалы қайтадан мемлекетке өтті.
Терминалдың аумағы 134 гектар. Прокуратураның шағымы Асқар Құлыбаевқа тиесілі компанияның шетелдік инвестор активін заңсыз иемденуі себебінен берілген. Терминал 2011 жылы Құлыбаев компаниясының меншігіне өткен. 2024 жылдың 26 ақпанында Маңғыстау облысы экономикалық соты прокурордың арызын қанағаттандырып, терминалды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды. Сот шешімі күшіне енген.
Бұған дейін депутат Базарбек Тимур Құлыбаеватың иелігіндегі шұрайлы жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеген болатын. Депутаттың айтуынша, жер телімі 2007 жылы Алматының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қаулысымен университет меншігінен шығарылған.

