Экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев заңсыз жолмен алынған мүлікті мемлекетке қайтару тізіміне енгізілген, деп жазады Ertenmedia.kz.
2023 жылдың 13 қазанында заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару жөніндегі комиссия арнайы шешім шығарды. Осылайша Құлыбаевты «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» Заңы аясындағы субъектілердің тізіліміне ресми түрде енгізген.
Қазіргі уақытта Құлыбаев пен оның бақылауындағы «Қамқор Менеджмент» ЖШС активтеріне қатысты бірқатар шектеулер қойылған. Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитетінің талабы бойынша бұл шектеулер 2025 жылдың ақпанына дейін күшінде болады.
Оған сәйкес, Құлыбаевқа және оның компанияларына кез келген мүлікті сатуға, кепілге беруге, сенімгерлік басқаруға өткізуге, үшінші тараптардың мүлікке құқықтарын бекітуге тыйым салынған. Сондай-ақ, «Теміржол жөндеу» ЖШС жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесінен дивиденд төлеуге де рұқсат жоқ.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың 4 қаңтарынан бастап «Теміржол жөндеу» ЖШС-ның Астанадағы жылжымайтын мүліктері теміржолдар, шеберханалар, гараждар, қоймалар және жер телімдері де бұғатталған.
Айта кетейік, «Теміржол жөндеу» компаниясы «Қамқор Менеджмент» холдингінің еншілес кәсіпорны. Холдинг теміржол және автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Құлыбаевтың есімі бұрын да түрлі активтердің мемлекет меншігіне қайтарылуы аясында жиі аталып жүргенімен, нақты құжаттық дәлелдер енді ғана жария болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

