Қоғамдағы тәртіп ел азаматтары арасындағы түсіністікпен өлшенеді. Соңғы жылдары тұрмыстық деңгейдегі жанжалдың көбейіп, оның соңы қылмысқа ұласатынын көріп жүрміз. Бір үйде тұрып, бір аулада өмір сүретін көрші-көлеңнің көлікті дұрыс қоймаудан, жөндеу жұмыстарын түнде жүргізіп бір-бірімен қатты ренжісетіні жасырын емес. Осындай ұсақ-түйектің соңы кейде елеулі оқиғаға ұласып кетеді. Сондықтан құқықтық профилактиканы дамытып, ел ішіндегі тыныштықтың тірегіне айналдырудың маңызы зор.
Осы мәселеге байланысты ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжіліске барып, қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістерді таныстырды. Министрдің айтуынша, құқық қорғау органдары тек жазалаудан бөлек, алдын алумен айналысуы керек. Бұл ретте министрлік тұрғын үйлердегі Мүлік иелері бірлестігімен бірлесіп жұмыс істеуге ықласы танытып отыр.
Қазіргі таңда бір үйде тұратын азаматтардың көліктерін дұрыс қоймай бір-бірімен жаға жыртысы жататын оқиғалар кездесіп жатады. Тіпті, кей жағдайда ашуға ерік берген азаматтар бір-біріне жұдырық сілтейтін кездері де болатыны жасырудың жөні жоқ. Бұдан басқа кейбір азаматтар көпшілік демалатын уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтамай үлкен дау-жанжалдар тудырып жататынын да көріп жүрміз.
Егер мүлік иелері бірлестіктері полициямен бірлесіп жұымс істеп, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызы жайында насихат жұмыстарын жүргізсе, полицияның жұмысы айтарлықтай жеңілдейтіні белгілі.
Министрдің сөзіне қарағанда, бірлестік пен полиция бірігіп әрекет етсе, тұрмыстық деңгейдегі көптеген даудың алдын алуға мүмкіндік туады. Адамды кабинетке шақырып, хаттама толтырудан гөрі, оның алдын алу тиімді. Тұрғынға дер кезінде ескерту жасаудың өзі құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі.
– Қазіргі таңда тұрмыстық деңгейдегі жанжалдар мен құқықтық профилактиканы қалыптастыруда полицияның күші жеткіліксіз. Осы ретте біз мүлік иелері бірлестіктерімен бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Бірақ оларды мемлекеттік органға айналдырайын деп жатқан жоқпыз. Мәселе бірлесе әрекет ету. Мысалы, бірлестік басшылары тұрғындарға қоқысты белгіленген жерге төгу, кешкі жетіден кейін жөндеу жұмыстарын жүргізудің заңға қайшы екенін түсіндіріп отырса, қоғамдық тәртіп әлдеқайда нығаяды, – деді министр.
Алайда министрдің бастамасына депутат Екатерина Смышляева күмәнмен қарады. Ол тұрғындардың жеке өміріне араласу көбейіп, дау-дамай күшеюі мүмкін екенін ескертті.
– Меніңше, мүлік иелері бірлестіктеріне мұндай міндетті жүктеудің қажеті жоқ. Олар тұрғындардың жеке өміріне араласып, жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Егер осы функцияны пайдаланып, араласу шектен шықса, оның соңы ұзақ дауға айналмай ма? – деді депутат.
Өз кезегенді министр халық қалаулысының сұрағын жауапсыз қалдырмады:
– Сіздің алаңдаушылығыңызды түсінемін. Бірақ қоғамдық тәртіпті сақтау әрбір азаматтың міндеті. Біз бірлестік басшыларын бақылаушыға айналдырғалы отырған жоқпыз. Тек олардың ақпараттық жұмысқа атсалысқанын қалаймыз. Егер тұрғындар қоғамдық тәртіптің ережелерін дұрыс түсінсе, қоғамдық тәртіп күшейеді. Бұл жерде мақсат жазалау емес, алдын алу, – деп жауап берді Ержан Сәденов.
Кей дамыған елдерде мұндай тәжірибе бар. Мәселен, Германияда «Nachbarschaftsverein» деп аталатын көршілер қауымдастығы полициямен байланыста жұмыс істейді. Қақтығыс ерте анықталса, үлкен проблеманың алдын алуға болады деп есептейді. Ал Жапонияда тіпті «қоғамдық тәртіпке ықпал ететін көрші кеңесі» бар. Олар полицияның орнына шешім қабылдамайды, бірақ тәртіп мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Қазақстанда да осындай бағыт қалыптасса, құқық қорғау органдарының жұмысы жеңілдеп, полицияның тек жазалаушы орган ретіндегі бейнесі өзгереді. Ел ішінде қоғамның өз ішінде заңға құрмет пен өзара сыйластық күшейсе, азаматтар арасындағы сенім де арта түседі.

