Құқық және экономика факультетінің студенттері Талдықорған қаласы прокуратурасының аға прокуроры Дана Сәрсенбаймен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуді әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев ашып, қонақтың Жетісу университетінің түлегі әрі танымал жас прокурор екенін атап өтті.
– Дана Сәрсенбай жаңа буын прокурорларының жарқын өкілі. Ол қоғамда үлкен резонанс тудырған Шерзат Полаттың ісінде мемлекеттік айыптаушы болды. Өз ісінің кәсіби маманы ретінде көпке үлгі болып жүр. Бүгінгі кездесуде Дана Нұрланқызы заң және тәртіп тақырыбында дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөліседі, – деді проректор.
Дәріс барысында Дана Сәрсенбай заң мен тәртіп идеологиясы, прокуратураның жұмыс қағидаттары, қоғамдық мүддені қорғау және сот процесінің әділдігін қамтамасыз ету туралы айтты. Сондай-ақ заң нормаларын сақтау, құқықтық реформалар мен заманауи үрдістерді талқылады.
Оның айтуынша, прокурор сот процесінде эмоцияға ерік бермей, заң тілімен сөйлеуі тиіс. Студенттер прокурордың негізгі міндеттері, мансап баспалдақтары және құқықтық сауаттылық туралы сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Шара Құқық және экономика факультетінің 2025–2030 жылдарға арналған заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







