Алматы полициясы өзін имам деп таныстырып, көп әйел алуды ашық насихаттаған Құрбанәлі Ахметтің тараған сұхбатына қатысты тексеріс жүргізіп жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еске салайық, журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Құрбанәлі Ахмет көп әйел алуды дәріптеп, тіпті екінші әйелін өзінің шәкіртіне бергенін айтқан. Оның орнына үшіншісін алып төсек жаңғыртқан екен. Сөзінше, бірінші жұбайы қартая бастағандықтан, орнына жас келіншек алған.
«Екінші әйелім? Ол ма, ол өзі қалады. Мен оған шәкірттерімнің бірін таңда деп айттым. Некесін қиып, тойын жасап беретінімді жеткіздім», – деген Ахмет сұхбат барысында.
70 жастағы Ахметтің айтуынша, оның 9 баласы бар.
Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы сұхбаттың мазмұнын тексеріп, заң талаптарына қайшы пікірлер айтылғанын мәлімдеді.
Әсіресе…
Әйелін басқа адамға беру туралы мәлімдемелер қоғамның діни сеніміне, әлеуметтік тұрақтылығына кері әсер ететіндігі айтылды. Сондай-ақ, тексеріс барысында Құрбанәлі Ахметтің Қазақстандағы ресми дін өкілі еместігі анықталды.
Алматы полициясы аталған материалдың таралуына қатысты құқықтық баға беріп, сұхбатты жариялаған адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
«Әрине, айтылған пікір үшін автордың өзі жауапты болғанымен, құқық бұзушылық белгілері бар материалдарды тарату да заңмен жазаланады», – деп атап өтті Алматы қалалық полиция департаменті.
Осыған байланысты полиция өкілдері дін саласындағы заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, дінаралық татулыққа нұқсан келтіретін контенттің таралуына жол берілмейтінін ескертті. Сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желіде ақпарат жариялаушыларды жауапты әрі сауатты болуға шақырды.
Айта кетелік, бұған дейін танымал продюсер Баян Алагөзова діни радикалдарға қарсы жорыққа шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







