Депутат Ерболат Саурықов премьер Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Жамбыл облысындағы фермерлердің ауыр жағдайына назар аударуды талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Саурықовтың айтуынша, соңғы үш жылда өңірдегі шаруалар ұрын-соңды болмаған ауыр сынаққа тап болып отыр. 2023 жылғы қуаңшылық кезінде төтенше жағдай жарияланғанымен, өтемақы тек суармалы жері бар шаруашылықтарға ғана төленген. Мұндай мүмкіндігі жер иелері ешқандай көмек көрмеген.
«Бұл фермерлер үшін ауыр соққы болды. 2024 жылы астық бітік шыққанымен, Ресейден арзан бидай ағылып келіп, өнімнің бағасы күрт құлдырады. Диқандар шығынға батты, пайда көрмеді. Оның үстіне субсидиялардың кешіктірілуі жағдайды одан сайын қиындатып жіберді», – деді депутат.
Биылғы жылғы қуаңшылықта Түркістан облысында жарияланған төтенше жағдай Жамбыл облысына жетпеген. Нәтижесінде өңірдегі мыңдаған шаруашылық субсидия мен инвестициялық қолдаудан тыс қалған. Қазір өңірдегі фермерлер банкроттық алдында тұр. Банктер мен Аграрлық несие корпорациясы алдындағы берешегін өтей алмай отыр.
«Шаруалар төлем мерзімін кейінге шегеруді сұрағанымен, Аграрлық несие корпорациясы қарызды толық өтеуді талап етуде. Бұл нағыз әділетсіздік», – деді депутат Саурықов.
«ҚазАгроҚаржының» мәліметінше, биыл шілде айында Жамбыл облысында проблемалық деп танылған жобалардың саны 62-ге жеткен. Күзде бұл көрсеткіш екі есеге өсуі мүмкін. Демек, жүздеген шаруашылықтың техникасы тәркіленіп, ауылдарда жаппай банкроттық басталады.
«Бұл тек шаруалардың емес, бүкіл ауыл халқының, мыңдаған адамның тағдыры. Егер біз фермерлерді сақтап қала алмасақ, ертең азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнеді, нан бағасы өседі», – дейді депутат.
Осыған байланысты «Ауыл» партиясы Үкімет басшысынан шұғыл түрде төмендегідей шараларды қабылдауды талап етті:
- Біріншіден, шаруалардың барлық несиесі мен лизинг төлемдерін бір жылға өсімпұлсыз шегеру қажет.
- Екіншіден, 2024–2025 жылдарға тиесілі субсидия мен инвестициялық субсидияларды толық өтеу және нақты төлем кестесін бекіту керек.
- Үшіншіден, субсидиялау жүйесін қайта қарап, түсініксіз, қайшылықты нормаларды алып тастап, нақты әрі әділетті қолдау механизмін енгізу маңызды.
- Төртіншіден, қарызын өтей алмаған шаруаларды субсидиядан айыру тәжірибесін тоқтатып, қайта субсидия алу мүмкіндігін қалпына келтіру керек.
- Бесіншіден, «ҚазАгроҚаржы» мен Аграрлық несие корпорациясының қатысуымен фермерлерді жаппай банкроттықтан сақтайтын дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдау қажет.
- Алтыншыдан, еліміздің оңтүстік өңірлеріне арнап жеке мемлекеттік бағдарлама әзірленуі тиіс. Себебі бұл аймақтың климаты мен егіншілік ерекшелігі басқаша. Субсидия мен сақтандыру жүйесі осыған бейімделуі қажет.
«Жамбыл облысындағы шаруалардың тағдыры қыл үстінде тұр. Егер мемлекет уақтылы көмек көрсетпесе, ауыл шаруашылығында күйреу басталады», – деді депутат.