Жаңа Салық кодексіне сәйкес, енді компанияның салық қарызы кейбір жағдайларда құрылтайшының жеке мүлкі есебінен өтеледі, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, бұл талап заңды тұлғаларды тарату процесіндегі берешекті өтеудің жаңа тәртібіне байланысты қабылданған.
МКК қандай жағдайда компанияның салық берешегі құрылтайшылардың жеке есебінен өтелетінін түсіндіріп берді:
- егер компания басшылары немесе құрылтайшылары оның әдейі банкрот болуына кінәлі деп танылса;
- компания мүлкін сатып алушыдан құнын қайтарып алу мүмкін болмаса, мүлікті сату туралы шешім қабылдаған тұлға жауап береді;
- банкрот болған ЖШС-ның құрылтай құжаттарын банкроттық басқарушыға бермесе;
- компанияны тарату туралы шешім қабылданғанымен, мүлкі қарызды өтеуге жетпесе және құрылтайшылар оны банкрот деп тану үшін сотқа жүгінбесе.
«Азаматтық кодекстің 44-бабы бойынша да құрылтайшылар заңды тұлғаның міндеттемелері бойынша жауап беруі мүмкін. Егер таратылып жатқан компанияның мүлкі жеткіліксіз болса, заңда көрсетілген жағдайда салық қарызы құрылтайшылардың өз есебінен жабылады», – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері.
Комитет сондай-ақ, бұл норманың Салық кодексінің басқа баптарында (58-баптың 7-тармағы, 59-баптың 9-тармағы) бұрыннан бар екенін еске салды.
«Яғни жаңа ереже Мемлекеттік кірістер органдарының өкілеттігін кеңейтпейді, құрылтайшылардың мүлкін өндіріп алу бойынша қосымша құқық бермейді», – деп түсіндірді комитет мамандары.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандық заңгерлер Қаржы министрлігін сотқа берген болатын. Олар жаңа Салық кодексіндегі компанияның қарызын құрылтайшылардың жеке мүлкінен өндіріп алу туралы норманы алып тастауды талап еткен еді. Себебі бұрын құрылтайшының жеке жауапкершілігі тек сот шешімімен ғана расталатын.

