Елімізде жаңа Салық кодексінің іске қосылуына санаулы уақыт қалды. Сарапшылар пікірінше, жаңа кодекс ұзақ мерзімде экономикаға пайдалы болғанымен, алғашқы жылы кейбір салаға ауыр тиеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Белгілі экономист, банкир Ғалым Құсайынов жаңа салық реформасының мән-жайын былай түсіндіреді:
«Жалпы өз басым бизнестегі жеңілдіктерге қарсымын. Жеңілдік кәсіпкерлерді жаңа құндылық жасауға емес, салықтан жалтаруға үйретеді. Бұл өз кезегінде әділетсіз бәсеке тудырады.
Бір-екі кәсіпкерге пайдалы көрінгенімен, ұзақ мерзімде бүкіл салаға орасан зиян келтіреді. Сондықтан жаңа Салық кодексіндегі жеңілдіктердің қысқаруы өте-мөте дұрыс қадам.
Нарықта шынайы бәсекені күшейтіп, мемлекеттің қолдауына емес, өз күшіне сенетін орта және ірі компаниялардың дамуына жол ашады», – дейді сарапшы.
Құсайынов жаңа реформаның ең маңызды тұсы қосымша құн салығының (ҚҚС) 16 пайызға көтерілуі деп санайды.
«ҚҚС-тың өсуі мәжбүрлі шара. Бюджет тапшылығын қысқа уақытта шешуге мүмкіндік беретін жалғыз салық түрі осы. Қазір ел бюджетінде 5 трлн теңге тапшылық бар делік. Ал бюджеттің шығынын қысқарту арқылы ең көп дегенде 500 млрд теңге үнемдеуге болады. Мұндай жағдайда, әрине кіріс бөлігін көбейтуге мәжбүрміз. Сондықтан ҚҚС мөлшерінің көтерілуі амалсыз шара, бірақ қажетті шешім», – деп түсіндірді ол.
Сарапшының айтуынша, осы салық реформасынан ең қатты зардап шегетін сала тұрғын үй құрылысы болмақ.
«Бұған дейін елімізде тұрғын үй құрылысына ҚҚС салынған жоқ. Енді 2026 жылдың қаңтарынан бастап, жаңа салынатын тұрғын үйлер ҚҚС-қа толықтай ілінеді. Шын мәнінде, оның зардабын біз 2027 жылдан бастап көре бастаймыз. Себебі нарыққа ҚҚС қосылған жаңа үйлер сол кезде шығады. Бұл өзгеріс өте маңызды, талқылауды қажет етеді», – дейді экономист.
Сарапшы тұрғын үй құрылысы нарығындағы жағдайды қарапайым мысалмен түсіндіріп өтті:
«Қазір жаңа пәтердің бір шаршы метрі шамамен 500 мың теңге делік. Оның құрылысына 400 мың теңге шығын кетеді.
Осы 400 мыңның ішінде ҚҚС бар шығындар 300 мың теңгені құрайды. Қазіргі салық жүйесінде құрылыс компаниясының осыдан көретін таза пайдасы шамамен 80 мың теңге. Ал жаңа жүйемен есептесек, құрылысшының қолында қалатын таза пайда бар-жоғы 54,4 мың теңгеге дейін төмендейді.
Демек, компанияның таза табысы 32 пайызға бір-ақ кемиді», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл құрылыс компаниялары үшін өте ауыр соққы.
«Пайда осынша қысқарса, компаниялар шығынын жабу үшін бағаны көтеруге мәжбүр болады. Бірақ үйдің бағасын шексіз көтеруге болмайды халықтың қалтасы көтермейді. Ірі қалаларда құрылысшылар осы жағдайды жеңіл өткерсе де, өңірлерде тіпті қиын болмақ.
Себебі шағын қалаларда құрылыс компаниялары қазірдің өзінде әрең күн көреді. Демек, осынау өзгеріс өңірлердегі тұрғын үй құрылысының қарқынын баяулатып, керіснше өз бетінше үй салатындар санын көбейтеді.
Әлбетте, бұл мемлекет үшін жақсы емес. Урбанизация экономиканың басты қозғаушы күші. Сондықтан мәселені тереңірек, жан-жақты қарап, қайта талқылаған жөн деп санаймын», – деп түйіндеді Ғалым Құсайынов.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Тендірдегі тойдың соңы: Сатыбалды кімдерді сотқа сүйреп жатыр

