Алматыда салынып жатқан 40 қабатты ғимараттың құрылысы уақытша тоқтатылды. Құрылыс компаниялары қажетті құжатсыз, рұқсат алмай тұрып, ірі көлемде жер қазу жұмысын бастаған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы депутат Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Оның айтуынша, құрылыс алаңында жүргізілген рейд барысында RAMS пен «BRC Construction» компанияларының құрылысты жүргізуге мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы және құрылыс-монтаж жұмысына рұқсат қағазы жоқ екені анықталған.
«Олар тек бұрынғы ғимараттарды бұзуға ғана рұқсат алған. Бірақ бұл компаниялар демонтаж деген сылтаумен заңсыз түрде үлкен шұңқыр қазуды бастап кеткен», – деді Базарбек.
Депутат мемлекеттік құрылыс инспекторлары (ГАСК) компанияларға бірнеше рет ескерту жасағанымен, құрылысшылар оны елемей келгенін айтады. Осы рейд кезінде RAMS компаниясының басқарушы директоры Толга Метин бастапқыда құрылысты тоқтату туралы құжатқа қол қоюдан бас тартқан.
«Мен оған құрылысты тоқтату туралы ресми құжатқа қол қоюын талап еттім. Артымда мемлекеттік органдар тұрды. Ақыры ол құжатқа қол қойды. Бұл жергілікті халықтың шағын болса да жеңісі», – деді депутат.
Дегенмен бұл әзірге құрылыстың уақытша тоқтауы ғана. Алда ГАСК жүргізетін кешенді тексеріс күтіп тұр. Ғимараттың сейсмикалық қауіпсіздігі, тектоникалық жарықтар және жер асты суларының жағдайы тексеріледі.
Сондай-ақ құрылыс компанияларының жерді заңсыз иемденгені де анықталған.
«Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Руслан Ерменов RAMS пен «BRC Construction» компанияларының жерді өз бетінше басып алғанын растады. Енді қалалық Жер қатынастары басқармасы сотқа жүгініп, жер телімдерін мемлекетке қайтаруға тиіс», – деп қорытындылады депутат.