Үш өңірді үрейде ұстаған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы мен Шымкентті, Түркістан облысын түгел қамтыған арнайы операцияны Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе, Бас прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырды.
17 маусымда жүргізілген жедел-іздестіру шараларында кәсіпкерлерді қорқытып, бопсалап, ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 20 адам құрықталды. Ұсталған топтың Қаңтар оқиғасында белсенді әрекет еткен тұлғалармен байланыста болғаны да әшкере болды.
Арнайы жасақ 40-тан аса тінту жүргізіп, атыс және травматикалық қару-жарақ, оқ-дәрілер мен есірткі заттарын тәркілеген. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы негізінде жалғасуда.
Тергеу мүддесіне орай өзге мәліметтер жария етілген жоқ. Бұған дейін Түркістан облысында терроризмді насихаттады деген күдікке ілінген төрт азамат ұсталған еді. Тілшіміз оқиға орнынан ақпарат таратқан болатын.

