Freedom Holding Corp. иесі Тимур Турлов қарағандылық «Шахтер» футбол клубын қалай дамытатыны туралы өз жоспарымен бөлісті, деп жазады Ertenmedia.
Еске салсақ, танымал кәсіпкер қараша айының соңында аукцион арқылы аты аңызға айналған клубты сатып алған еді. Алматыдағы журналистермен кездесуде ол клубтың нақты бағасын ашып айтқысы келмеді, бірақ көпшілік үшін мәлім ақпарат екенін жеткізді.
«Сан есімде жоқ, шынын айтсам, бағасы аса жоғары емес. Шын мәнінде клубта айтарлықтай ештеңе де жоқ. Бұл таза парақтан басталатын дүние сияқты. Бірақ дәстүрі терең, тарихы бай клуб. Өндірісі дамыған, футбол десе ішкен асын жерге қоятын, еңбекқор халық тұратын қалада орналасқан. Қазір клубтың ешқандай қарызы жоқ, бірақ бұдан басқа да түгі жоқ», – деп бағалады Турлов.
Неліктен дәл осы «Шахтерді» таңдағанын кәсіпкер былай түсіндірді:
«Қарағандыда футбол академиясын сала бастағанымыз клубты таңдауда маңызды рөл атқарды. Шынымды айтсам, клубты инфрақұрылым дайын болған кезде, шамамен екі жылдан соң аламыз деп ойлағанбыз. Бірақ кейде тағдыр өз жоспарын таңады. Қазір жауапкершілікті мойынға алмасақ, кейін кеш қалуымыз мүмкін екені белгілі болды».
Жаңа қожайынның айтуынша, алғашқы күннен бастап команданың менеджменті Астанаға көшіріліп, ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып жатыр.
«Қазір команда Премьер-лигада емес, Бірінші лигада ойнайды. Тіпті, ойындар мектеп стадионында өтеді. Қарағандыдағы негізгі стадион жөндеуге жабылған, қала әкімдігі сол мәселемен айналысып жатыр. Үлкен жаңа стадион салу жоспары да бар екен, бірақ әзірге нақты емес, бұл – жергілікті биліктің ұзақ мерзімді жоспары», – деді бизнесмен.
Турлов қазір футбол академиясының құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Академия аясында манеж, сыйымдылығы 3,5 мың орын болатын стадион бой көтермек. Қажет болса, оның сыйымдылығын ұлғайтуға мүмкіндік бар.
«Алдағы 2026 жылды команданы қайта жасақтауға арнаймыз. Менің алдыма қойған мақсатым нақты. Қазір Қарағанды футбол ассоциациясының басшылығын да қолға алдым. Осы арқылы аймақтағы спорттың жүйелі дамуын қалыптастырғымыз келеді. Балабақша, мектептен бастап жастар мен әуесқой футболға дейін толыққанды іріктеу жүйесін құрып, жас таланттарға жол ашамыз. Біздің мақсат ақша шашып, қымбат легионерлерді сатып алып, жылдам жеңіске жету емес. Алаңда тек шетелдіктер ойнап, сырттай жарқыраған команда құру маған керек емес. Мен үшін негізгі басымдық тұрақты дамитын, сапалы футбол ойнайтын жергілікті жастар. Әрине, клубта шетелдік ойыншылар болады. Бірақ олар – жергілікті жастардың шеберлігін шыңдайтын тәлімгер, үлгі болуы тиіс», – дейді Тимур Турлов.
Кәсіпкердің айтуынша, клубтың даму стратегиясы ұзақ мерзімге арналған. Ол жанкүйерлерді тез жеңіспен алдарқатпай, орнықты және берік іргетас қалыптастырғысы келеді.
«Мен еліміздегі ең жас кәсіпкерлердің бірімін. 10 жылдан кейін де қартайып қалмаймын. Сондықтан алдағы жылдарды клубтың дамуына арнап, еліміздегі ең мықты академиясы бар, таланттарды жинайтын және балаларды нағыз кәсіби деңгейге көтеретін клуб құруды армандаймын. Қазақстан футбол федерациясымен бірлесіп, еліміздегі футболды таза, ашық әрі әділ ету үшін де еңбек ететін боламыз», – деп түйіндеді сөзін клубтың жаңа иесі.
Айта кетейік, 2025 жылдың 25 қарашасында Freedom Holding Corp. құрамындағы компанияның қарағандылық «Шахтер» футбол клубын сатып алғаны белгілі болды. Бұған дейін Тимур Турлов клубты дамытуға 18,5 миллиард теңге инвестиция салатыны хабарланған.
Тимур Турлов Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы және негізгі акционері (үлесі шамамен 70%). Forbes Kazakhstan тізімінде елдегі ең бай кәсіпкерлердің ішінде 5,8 миллиард долларымен екінші орында тұр. Freedom холдингі қаржы секторынан бөлек, телеком және медиа саласында белсенді жұмыс істеп, түрлі компанияларды сатып алуда.

