Депутат Перуашев елден жасырын жолмен шығуы мүмкін бағалы металдардың жолын кесу үшін арнайы мемлекеттік зертхана құруды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.
«Ақ жол» партиясының жетекшісі Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осындай талап қойып отыр.
Перуашевтың айтуынша, Қазақстаннан экспортталатын кен мен концентрат құрамына тәуелсіз сараптама жүргізілмейді. Зертханалар шикізатты өндірушілердің тапсырысымен ғана жұмыс істейді.
Нәтижесінде мемлекеттің қолына тек дайын құжаттар келеді, ал оның дұрыстығын тексеру мүмкіндігі шектеулі. Мұндай тәсіл бағалы металдардың жасырын түрде елден шығарылуына жол ашады.
Партия жетекшісі бұған дейін «Қазақмысқа» қатысты мәселе көтерген.
Корпорацияның бұрынғы қызметкері мыс концентратының құрамындағы қымбат металдардың құпия, астыртын түрде экспортталып жатқанын мәлімдеген еді. «Қазақмыс» мұны жоққа шығарып, экс-қызметкер жалған ақпарат үшін айыпталған болатын.
Дегенмен Перуашевтың пікірінше, мәселе бір компаниямен ғана шектелмейді.
Қазақстанға жаңа инвесторлар ағылып жатыр, тек алдағы айда тағы 40 шақты кен орны жаңа компанияларға өтеді. Ал олардың заңды бұлжытпай орындайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Негізгі түйткіл шикізатты сараптайтын зертханалардың сол кенді өндіретін компаниялардың ықпалында болуында. Мұндай жағдайда шикізаттағы бағалы әрі сирек металдардың нақты үлесін жасыру оңай.
Осыған орай депутат экспортқа шығарылатын шикізатқа міндетті түрде мемлекеттік бақылау енгізуді ұсынып отыр.
Оның айтуынша, кен мен концентраттағы бағалы металдардың құрамын тексеретін Үкіметке бағынышты арнайы зертханалар құрылуы қажет. Мемлекеттік деңгейдегі бақылау ғана бағалы шикізаттың бейберекет сыртқа кетуіне тосқауыл болмақ.
P.S. Соңғы уақытта сирек кездесетін металды барлау жұмысын үдеткен биліктің әрекеті жемісін беруде. Еліміздің бірнеше өңірінде жоғары технология нарығына ауадай қажет тантал мен ниобийдің мол қоры табылды. Бұл жайын осы жерден оқи аласыз.