2025 жылғы 21 маусым күні Алматы облысы, Кеген ауданының Қарқара жайлауында өткен «Қымызмұрындық-2025» мәдени шарасы мен «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі ел рухын көтерген, дәстүрді дәріптеген, мыңдаған көрерменнің көңілінен шыққан айтулы тойға айналды,- деп хабарлайды Ertenmedia
Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғыз Республикасынан келген 10 мыңнан аса адам қатысып, қазақтың байырғы дәстүрлерінің, ұлттық спорт пен өнердің мерекесіне куә болды.
«Жолан жүйрігі»: бәйгенің биігі, рухтың тірегі
Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Жолан жүйрігі» ат бәйгесі – ерекше тарихи мәнге ие. Бұл жарыс ұлттық спортқа өмірін арнаған, Талғар және Райымбек аудандарын басқарған Жолан Омаровтың рухына арналды. Бәйгеге 150-ге жуық тұлпар қатысып, жүлде қоры мен ұйымдастырылу ауқымы жағынан нағыз республикалық деңгейде өтті.
Ең басты жүлде — екі Changan кроссовері мен 10,5 млн теңге көлеміндегі сыйақылар бәйгенің мәртебесін арттыра түсті.
Аламан бәйге: жүйріктер додасы
-
31 шақырымдық Аламан бәйгенің жеңімпазы – «Айбалта» атты тұлпармен шапқан Мейір Дәулетбай. Ат иесі – Жамбыл облысы, Қордай ауданының тумасы Айдар Нұрмұхаметов. Ол Changan автокөлігін иеленді.
-
Екінші орынды иеленген Қарагер тұлпарының шабандозы – Қырғызстандық Манас Замирбеков, жүлдесі — 2,5 млн теңге.
-
Үшінші болып келген «Отырар» атты тұлпар – Алматы облысы, Балқаш ауданының азаматынан. Шабандоз – Арыстанбек Аңсар, жүлде – 1 млн теңге.
-
Құнан бәйгеде Ыстықкөлден келген Арсен Болотбеков тізгіндеген «Роки» атты тұлпар 2 млн теңгеге ие болды.
-
Топ бәйгеде тағы бір Changan кроссовері Алматы облысы, Талғар ауданынан келген Амангелді Нұрисламға бұйырды. Ат иесі – Қазбеков Мағауия.
-
Екінші орынды Ғарипуллин Мерей, үшінші орынды Азамат Молдатайұлы жеңіп алды.
Тек бәйге емес, алыптар жарысы да көрерменнің делебесін қоздырды.
-
Арыс қаласынан келген Азамат Мақұлбеков – 1 млн теңге сыйақыны иеленді.
-
Айдын Нұғыманов 121 келілік қошқарды 30 рет көтеріп, жұртты таңғалдырды.
Барлық қатысушылар сый-сияпаттан кенде қалған жоқ.
Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, бұл шара тек мереке емес, туризм мен ұлттық құндылықтарды дамыту тетігі.
«Қымызмұрындық – тек той емес, өткенді жаңғырту, ұрпаққа мұра ету. Қарқара, Шарқұдық, Мыңжылқы, Тұйық секілді табиғаты көркем аймақтарымыз – туризмнің алтын қазынасы. Алдағы шаралар да осы бағытта өрістемек», – деді әкім.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген «Қымызмұрындық» дәстүрі — халқымыздың кеңдігі мен мейірбандығының, бірлігі мен берекесінің айнасы.
Қарқара жайлауындағы бұл дүбірлі той — қазақ рухының, ұлттық сәйгүліктің, дәстүр мен намыстың салтанаты болды.