2025 жылғы 21 маусымда Алматы облысы, Кеген ауданының көрікті Қарқара жайлауында ұлттың ұлы дәстүрін ұлықтаған «Қымызмұрындық – 2025» фестивалі жоғары деңгейде өтті. Мыңдаған адам жиналған айтулы шарада халқымыздың қымыз өндіру мәдениеті, қонақжайлық қасиеті, ұлттық қолөнері мен спорттық сайыстары кеңінен насихатталды,- деп хабарлайды Ertenmedia
Фестивальге Алматы облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев пен бірқатар мәслихат депутаттары қатысып, ел рухын көтерер бастамаларға қолдау білдірді. Таңғы сағат 10:00-де басталған думанды тойда 100-ден астам киіз үй тігіліп, ұлттық нақыштағы көрініс қайта жанданды.

Келген қонақтарды күбі сапырған келіндер ақжарма ниетпен қарсы алып, бір тоннаға жуық қымыздан дәм татқызды. Киіз үйлерде бауырсақ, құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдар ұсынылып, дала дастарханы кең жайылды.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған қолөнер көрмесі, суретшілердің туындылары, ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының таныстырылымы – бәрі де ел тіршілігінің шынайы көрінісін паш етті. Атақты Қарқара жәрмеңкесі қайта тірілгендей әсер қалдырды. Ұлттық киімдер, күмістен жасалған әшекейлер мен тұрмыстық бұйымдар көрмесі көптің көңілінен шықты.

Сахна төрінде эстрада жұлдыздары әннен шашу шашса, жергілікті жыршылар ауылдың алты ауызын әуелете шырқады. Ал балалар мен қариялардың жүзіндегі шаттық – ұлттық дәстүрдің ұмытылмағанының белгісіндей болды.
Фестивальдің тағы бір маңызды бөлігі – «Жолан жүйрігі» ат бәйгесі. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шабандоздар жүзге жуық тұлпармен жарысып, ел мерейін үстем етті. Оза шапқандарға ақшалай сыйлықтар мен марапаттар табыс етілді. Бұл тек бәйге ғана емес, ұрпақ бойына батырлық пен намыс рухын сіңіретін тәрбие мектебі іспетті болды.
«Қымызмұрындық» – тек бие байлап, алғашқы қымыз ішу ғана емес, бұл – қыстан аман шыққан елдің амандығына шүкірлік айтып, жаңа маусымға қадам басар салтанаты. Бұл – ата-баба дәстүрін ұлықтап, ұрпаққа үлгі болар рухани сабақтастық. Қарқара жайлауындағы бұл фестиваль ұлттық болмысымыздың биік көрінісі ретінде ел есінде сақталары анық.